Қалада 40 көпқабатты үйге сараптама қорытындысы жасалған
Жаңаөзен қаласында 40 отбасы апатты үйдің азабын тартып келеді. Олар пәтер жалдап тұруға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Салынғанына 60 жылға жуықтаған тұрғын үйлердің қабырғасы қақырап тұр. Темір жол вокзалына жақын тұрған 9 апаттық үйдің әрқайсында 16 отбасы тұрады. Едені қирап, түрлі жәндіктің ордасына айналған. Кәріз құбырлары да шіріп, қолқаны қабады. Шатырына да шағым көп. Ашынған тұрғындар «әкімдікке арыз жазып, бірнеше рет көмек сұрасақ та, ешкім хабарласпады» дейді.
– Ешқандай комиссия келген жоқ. Үй апаттық жағдайда тұр. Жертөледегі құбырлар жарылып, су басып кеткен. Жазда иіс қолқаны қабады. Зиянды жәндіктер де көп. Үй қопарылып жатыр. Бірақ әкімдік өкілдері келген жоқ, – деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Айман Жарылғасова.
Тұрғындар биліктен адам шығыны болғанын күтпей, басқа жерге көшіруді талап етумен келеді. Өмірі үшін алаңдаған біраз отбасы ағайынның үйін жағалап кетті. Кейбірі пәтер жалдап жүр.
– Қабырға жарылып, есік ашылмай қалды. Астынан су ағады. Барлық затты алып, көшіп кеттік. Балалар, келін, мүгедек қария бар, басқа амал жоқ, – деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Асыл Нарымбаева.
Жаңаөзенде 40 көп қабатты үйге сараптама қорытындысы жасалған. Оның 26-сына күрделі жөндеу қажет болса, 14-тұрғын үй сүрілуі тиіс.
– Мәслихат шешімімен реновация бағдарламасын қабылдадық. Бұл бағдарлама күрделі жөндеуді қажет ететін үйге инвестор тарту арқылы жаңа үй салу көздейді. Тұрған қабатын, шаршы метрі сақталады. Жұмысты наурызда бастаймыз, – деді Жаңаөзен қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәми Әділет.
Құрылыс жұмыстарын қолға алғысы келетін мердігерлер де бар. Бір қиыны - апаттық үй жалғыз баспанасы болған соң, құрылыс біткенше паналайтын жер сұрағандар жетерлік. Енді билік жалдамалы пәтерлерді ұсынып көрмек.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Жаңаөзеннен
Оқи отырыңыз: Атырауда қала көшелерін су басты