|
06.02.2024 | 20:49
2574

Атырауда қала көшелерін су басты

Қала әкімдігі төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ екенін мәлімдеді

Атырауда қала көшелерін су басты Almaty.tv

Атырауда еріген қар суына жаңбыр қосылып қала көшелерін топан су басты. Соның салдарынан жол қозғалысы қиындап, қала ішінде апат көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түнімен жауған жаңбырдың әлегі атыраулықтарды әбден әбігерге салды. Ала таңмен жұрт жұмысқа кешігіп, қала ішінде жол-көлік оқиғасы күрт көбейді, көшелер көлге айналды. Табиғаттың бұл мінезі онсыз да жайы жақсармай тұрған емханада білініп, шатырдан аққан су мекеме ішін басқан. Соның салдарынан жұмыс тоқтап, дәрігерлер шұғыл басқа ғимаратқа көшірілді.

– Төбесі ашылып қайта жасалды. бірақ нәтиже жоқ. Науқастар шағымы көбейді. Бірақ жұмыс істеп отырмыз. Екпе және гинекология кабинетін де су басып қалды, – деді амбулатория меңгерушісі Жұлдыз Бақытжан.

Ал қыс түссе қызмет көбейетінін білсе де, ауа райына дайын болмаған коммуналдық қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Бірақ қала ішінде көлік түгілі адамның аяқ алып жүруі қиын боп тұр.

– Өзіміздің арнаулы автобаза мекемесінен алты вакум жұмыс істеп жатыр. Қазір қала ортасындағы қиылыс, көліктерге бөгет келтіріп тұрған жиналған суды алып жатырмыз. Тұрғындар өтініші бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Отыз адам жұмылдырылды, – деді «Арнаулы автобаза» мекемесінің басқарма басшысы Күләнда Әжіғалиева.

Жауаптылардың айтуынша, қазір жеке тұрғын үй мен қала көшелерін судан тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ал қала билігі суға кету қаупі бар үйлердің тізімін бекітті, қазір апаттың алдын алу үшін жоспар жасалды.

– Бір айлық мөлшерде жауын жауды. Бірінші кезекте жол кептелісінің алдын алу мақсатында және қала көшелерін тазалау жұмыстары жүктелген болатын. Бұл тараптан да мүмкіндігінше жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан  Әубәкіров.

Синоптиктер апта бойы қар аралас жаңбыр жауатынын айтты. Ал қала әкімдігі шаһардағы жағдайға қарамастан, төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Жұлдыз Қайрат, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Семейде киім базары өртенді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир