Қаңтар оқиғалары саяси қалыптасқан «сеңді» қозғады – Бағыш Габдулина

19.02.2022 19:47
ҚазАқпарат

Қаңтар оқиғалары саяси қалыптасқан «сеңді» қозғады. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ саясаттану кафедрасының меңгерушісі, профессор Бағыш Габдулина осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Адамзат тарихы небір саяси қайшылықта орын алған оқиғаларға толы. Әдетте сол саяси қайшылықтар қоғам үшін табиғи заңды құбылыс ретінде қабылданатыны да белгілі. Томас Джеферсон «бунт – словно лекарство для правительства» деп атауы да содан. Себебі мемлекетте орын алған түйткілді мәселелерді қоғам шеруге шығып, наразылық білдіру арқылы билікке жеткізеді. Алайда, шеруге шығу - ол қоғамды қанға бөктіру деген сөз емес. Десек те, елімізде орын алған соңғы саяси оқиғаның себебі неде? Бұл оқиғаның алғышарты не дейтін болсақ, әрине қоғамды толығымен шарпыған, тамырын тереңге жіберген індет іспеттес – жемқорлық екені баршамызға мәлім», - деді профессор. 

Осы орайда, кафедра меңгерушісі елімізде орын алған саяси шиеленіске қатысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеше «Qazaqstan» ұлттық арнасына сұхбат бергеніне тоқталды. 

«Әрине, атап өтерлік тұсы – сұхбаттан жұршылық көкейінде жүрген сұрақтарға мейлінше жауап алды деуге болады. Ашығын айтайық, елдегі қаңтар оқиғасы саяси қалыптасқан «сеңді» қозғады. Бұл саяси бетбұрысқа, қоғамды жаңартуға, саяси реформалауға түрткі болатыны айқын. Десек те, қайта құрудың өзіндік тетіктері бар. Оны сақтық шараларын ескере отырып, демогогияға, популизмге жол бермей, «тежемелік пен тепе-теңдік» принциптерін жетілдіру мен азаматтық қоғам институттарына иек арту арқылы бірізділікпен, жүйелі жүзеге асыру үшін қоғам болып бірігуіміз қажет», - деді ол. 

Профессор еліміздің Конституциясында мемлекет құраушы ұлт – қазақ деп бекітілгендігіне назар аудартады. 

«Әлемнің саяси картасында орын алған елдігімізге қауіп төндірген «отандастарымыздың» әрекеті тиісті бағасын алатынына сенеміз. Ал елімізде орын алған оқиғаға философия ғылымының заңдары аясында қарайтын болсақ, «сан мен сапа», «жоқты жоққа шығару», «бірлік пен қарама қайшылық» - осы үшеуінің барлығы дамуды береді. Демек, кез келген қайшылықтың сәйкесінше дамуға мүмкіндік беретін тұсы бар. Алда ауқымды іс-шаралар тұр. Әрбір қазақстандық елдің егемендігін нығайтуға, биліктің транспаренттілігін, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге өзіндік үлесін қосуды өзінен бастаған жөн. Айталық, студенттеріміз адами капиталын нығайту үшін білімдерін шыңдап, сол арқылы азаматтық қоғамның нығаюына тетік болса демекпіз. Осы орайда, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетіне «Өзге жұрттан қалып қоймау үшін – бай болу керек, білікті болу керек, күшті болу керек» деген. Алаш реформаторының 100 жыл бұрын айтқан кеңесі бүгінде біз басшылыққа алатын өсиет. «Бүгінгі күн кешегі күннің баласы, ертеңгі күннің атасы» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, елімізде қаңтарда болған саяси оқиға тарихта қалатыны сөзсіз. Десек те Отанымызда орын алған осы оқиғадан тиісті тарихи тағылым алып, халқымыз бай-қуатты болып, елдігіміз еңселі болсын демекпіз», - деп түйіндеді сөзін Бағыш Габдулина.