Карантин кезінде немен айналысқан дұрыс – психолог

Liter.kz / Илья Астахов
Liter.kz / Илья Астахов
Позитивті ойлап, рухани дамуға, құндылықтарды қайта саралап шығуға кеңес береді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Карантиннің де пайдасы бар. Яғни, отбасылық құндылықтарға көбірек мән беруге уақыт бар. Ал психологтар пандемия деп үрейге салынғанша, адам өзін-өзі дамытқаны дүрыс деп санайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Сонымен, карантинде қарап жатпас үшін сіз немен айналысқан дұрыс?  

Мира Садықова қарапайым алматылықпын деп таныстырды өзін. Педагог мамандығын меңгерген келіншек шағын жекеменшік орталық ашып, балаларға білім берумен айналысады. Алайда карантин енгізілгелі Мира өз отбасы мен балаларына көп көңіл бөлетін болған. Жұмысы тұралап қалса да адам өміріндегі басты құндылықтардың бірі – отбасы екенін жақсы түсінеді.

Кейіпкеріміз отбасымен бірге карантин уақытын қалай тиімді өткізсек деп алдына жоспар қойған. Әсіресе балалармен тығыз қарым-қатынас жасау, оларды тез зеріктірмеу үшін түрлі зияткерлік ойындар жасап дайындалыпты. Тіпті көптен бері ойлап, іске асыра алмай жүрген жұмыстарының тізімін жазып оны отбасының күн тәртіпке қойған.  

«Кітап оқу болсын, домбыра тарту, ән айту болсын, оның бәрі балалармен арамыздағы қарым-қатынасымызды кәдімгідей жақсартты. Сонымен бірге, олардың тілегі, мақсаты қандай екенін біліп, сөйлесу барысында балалардың өзім бұрын білмеген жаңа қыры ашылып жатыр. Мысалы, кіші балам осы карантин уақытыда ютубтан көп фокустер көріп, соны қазір күнде бізге неше түрлісін жасырады. Сол өзіне қатты ұнайды екен. Бұрын оны байқамағанмын», – деді қала тұрғыны Мира САДЫҚОВА.

Ал психолог мамандар әлеуметтік оқшауланудың, жалпы карантиннің адам психологиясына кері әсер ететінін айтады. Өйткені адамдар әдеттен тыс өмір салтына көшкенде адамда паника мен үрей пайда болады екен. Мұндай процестің болуы да заңды дейді мамандар. Әйтсе де олар, түрлі факторлар мазасыздық пен күйзеліске әкеліп соқпауы үшін адам сол қалпын саналы түрде қабылдап, жағдайдың жақсы жағын көруге ұмтылуы керек дейді.

«Пандемия басталғалы бері барлық адамзаттың өмірі өзгерді, бұрынғыдай емес.  Соған біз дайын болып, өзіміздің санамызға қабылдауымыз керек. Карантин кезінде артықшылықты іздеңіздер. Бұрын уақытыңыз жетпей жүрген істермен айналысыңыз. Үй жинаңыздар, балаларыңызға көңіл бөліңіздер. Бір-біріңіз жаңадан таныңыздар», – деді психолог Рауана САҒАДИЕВА

Сондай-ақ, мамандар, карантин адамдардың үйде отырып өзіне, жан дүниесіне үңілуге берілген жақсы мүмкіндік деген пікірде. Позитивті ойлап, рухани дамуға, құндылықтарды қайта саралап шығуға кеңес береді. Ол үшін кітап оқу, сурет салу сияқты арт-терапиялар жақсы көмектеседі дейді психологтар.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров