Мәулен Әшімбаев: 10 сотық жер алу үшін өтінім беруге әр азамат құқылы

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Қазақстандықтар енді жеке тұрғын үй құрылысына жер алу үшін eGov.kz порталы арқылы кезекке тұра алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Коммуникация желілерін тартқаннан кейін қазақстандықтарға 10 сотық жер телімін таратуда еш қиындық болмайды. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жеке өз басым жер теліміне өтінім берген жоқпын. Атап айтқанда, жер учаскесіне өтінім беруге әр азамат құқылы. Негізі, елімізде жер баршылық, бұл тұрғыда адамдарға дұрыс түсіндіру керек. Қазақстан аумағы ауқымды, территория жеткілікті, 10 сотық телімнен Қазақстан азаматтарына таратуға болады. Менің ойымша, біз осыған біртіндеп келеміз. Дегенмен бұл жер телімдеріне коммуникацияларды тарту мәселесі бар. Ол жерлерде жолдар, электр жарығы, су, кәріз жүйесі болған жөн», - деді М. Әшімбаев. 

Оның айтуынша, бұл жағдайда ең маңыздысы коммуникация жүргізу мәселесі. Сондықтан жеке тұрғын үй құрылысы бойынша жер алу үшін тиісті инфрақұрылым болуы керек екенін түсіндірді.

«Жыл сайын коммуникацияны тартуға тиісті қаражат бөлініп жатыр, бұл жұмыстар жалғаса береді. Сондықтан кезең-кезеңмен әкімдіктер, Үкімет аталған мәселелерді шешіп, біздің азаматтар қажетті жер телімдерін жеке тұрғын үй құрылысына алады деп санаймын», - деді Сенат Төрағасы. 

Новости партнеров