Биыл елде есірткі жарнамалайтын 69 интернет парақшасы мен сайт бұғатталған
Шетелдіктердің Қазақстанда заңсыз жұмыс істеуіне өз азаматтарымыз кінәлі. ІІМақпарына сай, өзге елдің адамдары шекарадан заңды түрде кіреді. «Алайда кейбір жағдайда олар көші-қон заңын бұзатындардың қатарынан табылады, оған Қазақстан азаматтары көмектеседі» дейді ведомство өкілі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың рұқсат құжатын алмай жұмысқа тартатын ел азаматтары көп. Мәселен, Алматы, Атырау қаласының құрылыс нысандарында заңсыз еңбек еткен 95 шетелдік анықталған. Құрылыс нысандарында олардың еңбегін заңсыз пайдалану фактісі Астана, Шымкент қаласында, Түркістан және ШҚО-да да әшкереленген.
«Заңды тұлғалардың шетелдіктерді елге түсініксіз мақсатта шақыратыны және олардың уақытылы елден кетуі қадағаланбайды. Мәселен, БҚО-да Нигерияның 2 азаматы және Түркияның 7 азаматы анықталды. Құқық бұзушылық материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді», – деді ҚР ІІМ ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Биыл елде есірткі жарнамалайтын 69 интернет парақшасы мен сайт бұғатталған. Сондай-ақ нашақорлықты дәріптейтін 179 әлеуметтік желі парақшасының жұмысына шектеу қойылды. Жыл басынан бері елімізде 755 келі есірткі тәркіленсе, заңсыз айналымы бойынша 420 қылмыс анықталған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанның аумағында нашақорлықпен күрестің 2023-25 жылдарға арналған бағдарлама жоспары қабылдануда. Осының негізінде қазір өңірлердегі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармаларында контентті анықтау үшін кең жолақты интернет қосылған заманауи ақпараттық кешен енгізіліп жатыр», – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының жедел уәкілі Данияр Орал.