Биыл Шымкентте скутер мінген 108 жеткіншек жол апатына түскен

Almaty.tv
Almaty.tv
Полиция департаменті рейдтік жұмыстың қатаңдайтынын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Шымкентте скутер мінген 108 жеткіншек жол апатына түскен. Жазғы каникул басталғалы бұл көрсеткіш тіпті көбейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

20 жастағы шымкенттік Иманғали екі жылдан бері курьер қызметінде жүр. Алғашында қос дөңгелекті көлік айдағанын жақындары құптамаған. Күн көрудің қамына кіріскен жігіт ата-ана қарсылығына мән бермеді. Ол әріптестерінің арасында 15 жастағы жеткіншектердің де барын жасырмайды.

– Кейбіреулер жолда қысып кетеді. Менсінбейді немесе аузына келгенін айтып, балағаттайды. Мен сияқты жастар көбіне – тауар жеткізуші. Ал жолда қызық үшін жүретіндер де табылады, – деді қала тұрғыны Иманғали Рахманқұл.

Негізі электросамокатты 16 жастан жоғары, ал мотоциклді жол жүру құжаты барлар ғана тізгіндеуге рұқсат. Бірақ Шымкентте оны елеп жатқан ешкім жоқ. Мысалы мұнда жол бойында электромопед тізгіндеген кішкентайларды жиі көресіз. Өкініштісі сол, каникул басталғалы олардың жол апатына түсуі жиілеген.

– Бес айда жарақатпен келген науқастар саны 9 мыңнан асады. 416 жол көлік апаты, оның ішінде  скутермен көшеге шыққан жасөспірімдерге қатысты 108 оқиға тіркелді. Санынан, аяғынан, басынан ауыр жарақат алғандар көп, – деді Балалар клиникалық ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі Болат Нұсқабаев.

Кейінгі кездері қала ішінде мотоцикл жүргізушілерінің де қатысуымен жол апаты көбейіп барады. Жылдамдықты асырып, ережені елемегендердің жан тапсырғандары да аз емес. Осылай деген полиция департаменті рейдтік жұмыстың қатаңдайтынын айтты.  

– Егер мопед, электросомакат жүргізушілері жол жүру ережелерін қатаң бұзса, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 616-бабымен жауапқа тартылатынын ескертеміз, – деді жергілікті Полиция басқармасының аға инспекторы Мұхтар Орынбеков.

Скутер мініп апатқа ұшыраған оқушылар арасында қайғылы жағдай тіркелмеген. Алайда алған жарақат өте ауыр. Балалардың бірі бас ми жарақатын алса, енді бірінің аяқ-қолы сынып жатыр. Кейбірінде аталған үш жағдай да кездеседі.

Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Таразда көлік көшедегі үлкен шұңқырға түсіп кетті

Новости партнеров