Қаңтар оқиғасы: Азаптаудан көз жұмған үш адамның өліміне байланысты тергеу аяқталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қаңтар оқиғасы бойынша 1 мың 500-дей адам рақымшылыққа ілігуі мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің Бас прокуратурасы қаңтар оқиғасы кезінде азаптаудан көз жұмған үш адамның өліміне байланысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды «Almaty.tv».

Жаппай тәртіпсіздік кезіндегі аталған фактілерді құзырлы орган 3 іспен қарап жатыр екен. Яғни адам өлтіру, қызметін асыра пайдалану және азаптау. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиевтің айтуынша, бұл істерді тергеу қиын болғандықтан ұзаққа созылды. Бейберекетте көп адам көз жұмып, олар бірден мәйітханаға жеткізілгендіктен тергеушілер оқиға орнына барып үлгермепті.

«Қаңтар кезінде тергеу тобына оқиға орнына барып, мәселенің мән-жайын түсіну қиын болды. Өйткені қаза болғандар еш құжатсыз, айғақсыз мәйітханаға жеткізіліп жатты. Ал  марқұмдардың туыстары оларды мәйітханадан алып, бірден жерлеп отырды. Мұндай кезде тергеу жүргізу ауырлайды. Дегенмен қазір қаза болғандардың маршруты анықталып, баллистикалық экспертиза тағайындалды. Салыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шыңдалиев.

Қаңтар оқиғасы бойынша 1 мың 500-дей адам рақымшылыққа ілігеді. Бас прокуратураның мәліметінше, бұл болжамды сан ғана. Себебі кейбірінің ісі тоқтатылып жатса, енді бір істе жаңа фигуранттар пайда болып жатыр. Бір анығы, кәсіпкер Қайрат Құдайберген мен «Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев рақымшылыққа ілікпейді. Себебі олар жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы ретінде тергеліп жатыр екен.

«Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырушылар рақымшылыққа жатпайды. Тек қатысушылар ғана жатады. Жаппай тәртіпсіздік, қаңтар оқиғасы бойынша қылмыс жасағандардың басым бөлігі – қатысқандар», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шыңдалиев. 

Новости партнеров