Алматы облысында Ілияс Жансүгіровтің ескерткіші ашылды

Алматы облысында Ілияс Жансүгіровтің ескерткіші ашылды
Қазан айының соңында Анкара қаласында үш бәйтерекке арналған конференция өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл қазақ әдебиеті Құлагерінің 125 жылдығы еліміздің әр өңірінде кеңінен тойланып жатыр. Жетісу жеріндегі торқалы тойда ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, ақынның 20 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Онда Ілияс Жансүгіровтің көзі тірісінде басылмаған поэмалары да енген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жауһар жырлары ел жадында мәңгі сақталған қазақтың үш бәйтерегінің бірі Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығы Алматы облысы қасиетті Ақсу топырағынан бастау алды. Көзі тірісінде қазақ руханияты мен қоғамына өлшеусіз үлес қосқан ақынның туған ауылында ескерткіші ашылды. Екі жыл бойы дайындалған гранит тасты шайырдың ауылдасы өз қаражатына орнатқан.  

«Бұл мақтанатын нәрсе емес. Өз халқыма, еліме, жеріме бабамыздың басына осындай үлкен ескерткіш қою азаматтық парызым деп есептеймін», – деді кәсіпкер Молдияр НҰРБАЕВ.

Бұл игі іс «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге туың тік» аясында ұйымдастырылған. Бұдан әрі той Жансүгіров кентіндегі орталық стадионда театрландырылған шарамен жалғасты. Онда «Құлагер» поэмасы сахналанды.

Торқалы той Талдықорған қаласындағы ғылыми-тәжірибелік конференциясына жалғасты. Небары 44 жыл ғұмыр кешкен ақын 40-тан астам кітап жазған. Алқалы жиын басталмас бұрын  қазақ әдебиетінің барлық саласына қалам тербеген тау тұлғаның 20 томдық жинағының тұсаукесері өтті. Онда жыр құлагерінің көпшілік біле бермейтін шығармалары енген.  

«Жиырма томдықтың ішіне ең бірінші Ілияс Жансүгіровтың өз уақытында жарияланбаған, шықпаған өлеңдері, поэмалары, әдеби айналымға түспеген поэмалары еніп отыр. Біз ақынның 12 поэмасы бар деп жүрсек, 19 поэмасы бар екен», – деді ілиястанушы, филология ғылымдарының докторы Мұратбек ИМАНҒАЗИН.

Мерейтой аясында өткізілген республикалық жазба ақындар мүшәйрасының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Жыр бәйгесінің бас жүлдесі ақын Байбота Қошым-Ноғайға берілсе, 1-орынды арқалы ақын Серік Ақсұңқар иеленді. Ал, дүбірлі тойда Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы құттықтау телеграммасы оқылып, арнайы дайындалған картина тарту етілді.

Алқалы басқосуға жиналған көпшілік ақынның қазақ әдебиетіне сіңірген еселі еңбегіне тоқталды. Ұлт перзенті көзі тірісінде жазушылар одағының негізін қалап, тұңғыш төрағасы болған. Алматы облысы әкімдігі және халықтар ассамблеясы қолдауымен ақынның құнды мұраларын жинақтауға арналған "Ілияс ізімен" халықаралық танымдық құрылған болатын. Олар жарты айға жуық Мәскеу мен Санк-Петербург қалаларында болып, Ілияс Жансүгіровтің шығармаларын жинақтады.

«Жұмыс істеу барысында біз Ілекеңнің кезінде шыққан қазақ жерінде жоқ, әдейі өртелген 30 шақты кітабын таптық. Ал 10-нан астам еңбегі мүлдем еш жерде жоқ. Бізде жоқ. Қалғандары аздап-аздап болса да бар. Барлығы Ресейдің сирек қорынан табылды», – деді «Ілияс ізімен» экспедициясының мүшесі Гүлжан ТҰРСЫН.      

Экспедиция барысында қолға түскен баға жетпес құнды дүниелер алдағы уақытта бөлек кітап болып жарыққа шықпақ. Қазіргі таңда ақынның төте жазумен басылған шығармалары қайта теріліп жатыр.  

Жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық торқалы тойы осындай қазақтың ұлттық ойыны көкпарға ұласты. Мұнда Алматы облысы, Талдықорған, Ақсу, Сарқан сынды 8 команда бақ сынасты.

Қысқасы, Ілияс Жансүгіровтің тойы мұнымен бітпейді. Ай соңында Түркияның Анкара қаласында үш бәйтерекке арналған конференция өтсе, Алматы, Ақтау, Қарағанды қалаларда да ақынның 125 жылдығы тойланады.

Арнат Дүйсен, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров