Балқаш көлінің инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен 2,2 миллиард теңге бөлінді. Өңірде инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту жұмысы басталған. Әзірге көл аумағында электр жарығы да, ауыз су да жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жазда Балқашқа шомылуға шамамен 50 мыңдай ғана адам келеді. Ұшы-қиыры жоқ алып айдын бос жатыр деуге болады. Мұнда санаулы ғана демалыс орны бар. Енді көл аумағында қонақ үй, дәмхана ашып сервисті дамытамын деушілерге жан-жақты жағдай жасалмақ. Алдымен инфрақұрылым мәселесі қолға алынды. Қазір электр желісі тартылып, бағаналар орнатылуда. Жағалауға жарық жағу үшін қуаты 6,3 МВт-тық қосалқы станса салынады.
– Балқаш көлінің жағалауын электрмен жабдықтау үшін жоғары линиялар тартылып жатыр. Жобалық сметалық құжаттамаға сәйкес 182 бағана болуы керек, 164 бағана орнатылды, – деді Сарқан аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мұратбек Рымбаев.
Ауызсу жүйесінің де құрылысы басталды. Су Лепсі өзенінен алынбақ. Қазір 25 шақырымға жуық құбыр тартылып, су тазарту станциясы салынып жатыр. Сондай-ақ 16 шақырымға кәріз жүйесін жүргізу қарастырылған. Жағалауда инфрақұрылымды дамытуға 7,4 млрд теңге қажет болса, биыл оның 2,2 млрд теңгесі бөлініпті. Жоба аясында туристік саланы дамытып, 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған.
– Лепсі ауылдық округінде 2 ауыл бар, 8 разъезд бар, 3700 адам тұрады. Халықтың табыс табу көзі –Балқаш. Балық аулап, туристерді күтіп, қызмет көрсету – тұрғындардың табыс көзінің бірі, – деді Лепсі ауылдық округінің әкімі Ақтөре Қияс.
Балқашта инфрақұрылым салынған соң демалушылар санын 450 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Ал көлге апарар жол келесі туристік маусымға дейін толық пайдалануға берілмек.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Алматылық альпинистер құтқарушыларды экстремалды жағдайда жұмыс істеуге үйретуде