Шебердің айтуынша, соңғы кездері ұлттық нақышта жасалған бұйымдарға сұраныс көп
Ақтөбелік зергер Болат Атыраубаев – көнені жаңғыртқан шебер. Өнер иесі ұлттық нақыштағы ерекше әшекей бұйымдар ғана емес, сан ғасырлық тарихы бар күміс бұйымдардың топтамасын жинақтаған, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шебер XVIII-XIX ғасырларда жасалған бұйымдарды зерттейді. «Технология дамып, мүмкіндік артса да, өткен ғасырдағы зергерлердің туындысын сол қалпында қайталау оңай емес» дейді шебер. Көздің жауын алатын сәндік бұйымдарға сұраныс көп. Қазір зергер құрамында құнды емдік қасиеті бар тастардан білезік жасап отыр.
«Негізінен біздің аумақта табылған інжу, маржан сынды сәндік тастар күміспен жақсы үйлеседі. Тастар көз тиюге қарсы амулет қызметін атқарады», – деді суретші-зергер Болат Атыраубаев.
Шебердің айтуынша, соңғы кездері ұлттық нақышта жасалған бұйымдарға сұраныс көп. Қыздар арасында шашқа тағатын шолпыға деген қызығушылық артқан. Күміске зерде салып, табиғи тастармен безендірілген өнер туындысы көптің көңілінен шығып отыр. Зергер жұмысы төзімділікті талап етеді.
«Күмістің алтыннан айырмашылығы кез келген халықта тектілікпен байланысты, қазіргі уақытта күміс иондарының пайдалы қасиеті дәлелденді. Алтын, гауһар тастар да әдемі, бірақ олар қызықтырмады. Күмістің тазартқыш энергиясы бар. Үй шаруасындағы әйелдер ас үйде күміс зергерлік бұйымдарды тағып жүргені пайдалы», – деді суретші- зергер Болат Атыраубаев.
Болат Атыраубаевтың жеке топтамасында XIX ғасырдың көне жәдігерлері сақталған. Шебер оларды қайта жаңғыртып, жаңаша леп береді. Зергердің қолына түскен талай ескі әшекейлер бүгінде жарқырап, көз тартып тұр. Мұндағы әр бұйымның өзіндік тарихы бар. Атадан қалған ізбен зергерлік өнерді қайта қолға алған Болат Атыраубаев ұлттық сәндік бұйымдардың болашағы әлі алда екеніне сенімді. Бүгінде шебердің туындылары облыстық өлкетану мұражайында көпшілік назарына қойылған.
Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе