ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында елге төнген қауіп бетінің қайтарылғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазақстан азаматтарының құқығы қорғалатынын ерекше айтып өткім келеді. Біз лаңкестікке, экстремизм мен зорлық-зомбылыққа жол бермейміз. Оның үстіне Қазақстанда шабуылға еш жол жоқ. Біздің егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол берілмейді. Және Қазақстан халықаралық міндеттерін қатаң сақтайды. Құрметті достар, әріптестер, қазіргі уақытта Қазақстанда Конституциялық тәртіп қалпына келтіріліп, қайта орнады. Елге төнген қауіптің беті қайтарылды. Бүгінде лаңкестікке қарсы операция аясында елге болған жағдайға қатысы барларды анықтап, табу жұмысы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде құзырлы орган 8 мыңға жуық адамды ұстады. Құқық қорғау органдары ұсталғандардың лаңкестікке, бұзақылыққа және кісі өліміне қаншалықты қатысы барын тексеріп жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, елімізде лаңкестікке қарсы операция жалғасып жатыр.
«Ұсталған азаматтардан 116 қару-жарақ тәркіленді. Сол сияқты қалған шабуыл жасаушыларды іздеу жұмысы жалғасуда. Олар жасырынудың жаңа әдісін тапқан. Яғни, қарапайым тұрғын болып киініп алып, сақалдарын алып тастайды, тағы сол сияқты әрекеттерге баруда. Алдымызда ауқымды іс тұр, оған құқық қорғау органдары мен әскери ардагерлер де тартылып жатыр. Елді бұрынғы қалпына келтіру жолында барлық мемлекеттік органдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Ертең мен Парламентте жаңа Үкімет құрамын таныстырамын, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын реттейтін нақты тапсырма беріледі. Лаңкесттікке қарсы операция таяуда аяқталады, сонымен бірге ҰҚҰШ-ның Қазақстандағы қызметі аяқталады», - дейді ол.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бастысы алдағы уақытта мұндай қателіктің қайталанбауы маңызды екенін жеткізді. Және Қазақстан ынтымақтастық пен әріптестікке әрқашан дайын екенін айтты.