Кіші Аралдан айырылып қалу қаупі бар - депутат

stan.kz
stan.kz
2005 жылы «Сырдария арнасын реттеу және Кіші Аралды құтқару» жобасы аясында Көкарал бөгеті салынған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Егер шұғыл түрде шаралар қабылданбаса, Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Депутат 2005 жылы «Сырдария арнасын реттеу және Кіші Аралды құтқару» жобасы аясында Көкарал бөгеті салынғанын еске салды. Бұл «Ғасыр жобасы» республикалық бюджет пен Дүниежүзілік банк есебінен қаржыландырылды. Алайда, бүгінгі таңда бөгеттің 200 метрін су шайып кеткен және бұл учаске жедел жөндеуді қажет етеді.

«Жобаның сметалық құжаттамасы дайындалып, биылдың тамыз айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны – 4 млрд 582 млн теңге. Биыл қыркүйек айында республикалық бюжеттік комиссияның отырысында Су ресурстары комитетінің бюджетін қайта бағыттау есебінен жобаны іске асыруды бастауға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне 500 млн теңге бөлінді. Алайда, 2023 - 2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте осы жобаны қаржыландыруға қаражат қарастырылмаған. Президенттің Көкарал бөгетін нығайтуға қатысты берілген тапсырмасы ескерусіз қалған», - деді сенатор Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Депутаттың айтуынша, егер де қазір Көкарал бөгетін құтқарып қалмасақ, бұл жағдай экологиялық апатқа ұшыратады, яғни бүгінде 27 миллиард текше метр су жиналған Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін.

«Осы орайда, жобаның ауқымдылығы мен маңыздылығын ескере отырып, 2023 - 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет аясында құрылыс жұмыстарын аяқтауға қалған 4 млрд 80 млн теңге бөлінуін қамтамасыз етуіңізді сұраймыз», - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Новости партнеров