Петропавлда студенттік жатақхана биыл да пайданалуға берілмейді

Almaty.tv
Almaty.tv
Өңірге жұмыс сапарымен келген депутаттар мәселені талқыға салды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлда биыл тапсырылуы тиіс студенттік жатақхана келер жылы ғана пайдалануға берілмек, деп хаабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттеріне арналған жатақхана. Былтыр басталған жұмыс 1 жылдың ішінде тапсырылуы керек еді. Алайда шаруа әлі аяқталар емес. Жауаптылар нысанды 2024 жылдың жаз айында ғанf толық тапсырмақ. Құрылысы созбаққа салынған нысанды өңірге жұмыс сапарымен келген Сенат және мәжіліс депутаттары сынап тастады.

– Инфраструктура дейміз, сол да әлі шешілмеген мәселе. Бұзатын үйлер әлі сатып алынбаған. Жол жасалмаған. Ол да ертең кешігіп қалса, одан да әрі қарай осы құрылыс созылып кетеді. Соны енді осы бақылаудан кейін тапсырма беріп, өңірге келгенде Айдарбек Сейпілұлы облыс әкімімен кездескенбіз. Жол, су, құрылыс мәселесін талқылағанбыз, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов.

Бюджеттен 5,5 млрд теңге қаржы бөлінген жатақхана құрылысының әзірге тек 30 пайызы ғана дайын. Жоспар бойынша 2 корпустан тұратын 11 қабатты ғимарат заманауи үлгіде жасалуы тиіс еді. Бірақ 27 мың шаршы метрден асатын студенттер үйінің бөлмелері қаңырап бос тұр. Бұл мәселеге қатысты жергілікті мердігер өзінше түсінік берді.

– Қазір мұнда 2 блок кірпіштен қаланып жатыр. Электр маманы, сантехниктер мен сылақшылар жұмыс істеуде. Плиткалар төселіп, желдеткіштер орнатылып жатыр. Құрылыс алаңында 90-ға жуық адам жұмыс істеп жүр. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Менің ойымша, бұл мәселе міндетті түрде шешіледі, – деді мердігер компанияның директоры Сергей Тимофеев.

Нысан маңындағы үйлер әлі сүрілмегендіктен, жатақханаға жылу да уақытында берілмеуі мүмкін. Құрылысшылар осы жұмыс аяқталғаннан кейін ғана ішкі әрлеуге кірісе алады екен. Облыстық құрылыс басқармасы бұл мәселені шешуге енді ғана кіріскен көрінеді.  

– Үй бұзылмағандықтан мердігер жұмысқа кірісе алмай отыр. Осыған байланысты қиындықтар бар. Біз қала әкімдігіне қызметтік жазбалар қалдырдық. Қазірдің өзінде тұрғын үй иелеріне хабарламалар табыс етілді. Құзырлы бөлім мамандары бұл іспен айналысып жатыр. Барлығы 3 үй сүрілуі тиіс, – деді  СҚО Құрылыс басқармасының бөлім басшысы Қанат Күжімбаев.  

Айта кетейік, бұл уақытында тапсырылмай жатқан жалғыз нысан емес. Петропавлда спортшыларға арналған жатақхананың құрылысы да мерзімінен кешіктіріліп жатыр. Облыс орталығында әлі аяқталмаған 21 нысан бар.

Нұргүл Алина, Қазбек Арықбаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Новости партнеров