«Самұрық-Қазына» қорының басшылығы пысықталмаған шешімдер жасай бастады – депутаттар

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Аманжан Жамалов «Самұрық-Қазына» берешегі 7,5 трлн теңгеден асып түскен деген дерек келтірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Самұрық-Қазына» қорының басшылығы пысықталмаған шешімдер жасай бастады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында айтты. Оның пайымынша, асығыс шешімдер жасамас бұрын қордың не себепті тиімсіз болғанын талдау қажет, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

  

Депутат «Самұрық-Қазына» берешегі 7,5 трлн теңгеден асып түскен деген дерек келтірді. Егер қорды реформалау бойынша шешім пысықталмай жасалса, бұл өз кезегінде кредиторлар арасында дүрбелең тудыруы мүмкін деп санайды.   

«Осы орайда қордың бейінді және бейінді емес активтеріне кешенді аудит жүргізу керек. Бәсекелестік ортаға бейінді емес компанияларды шығару шешімін қабылдаған жөн. Сонымен қатар, барлық бейінді компаниялар жұмысының тиімділігін бағалаған дұрыс болады. Оларға қаржылық сауықтыруды жүргізіп, осыдан кейін қор нарығы арқылы өткізу туралы шешім қабылдау керек. Азаматтар қордың үлесін иелену құқығын қандай форматта алса да, тиісті бағалау мен оның нәтижесін ашық жарияламаса, азаматтар өздеріне не ұсынып отырғанын білмейтін болады», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының Үкіметке утиль жинақтауға қатысты есептеу тәртібін қайта қарау және жеке мекеме орнына мемлекеттік операторды қарастыру мәселесін көтерді. Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуы бойынша, соңғы бес жылда автокөліктер мен ауылшаруашылық техникасын сатып алушылар, жеке операторға сатып алынатын техниканың мақсаты мен үлгісіне қарай, 400 мыңнан 13 миллион теңгеге дейін утиль жинауды төлеген. Мұндай заңды «бопсалаудың» нәтижесі елімізде көліктердің қымбаттауына әкелді.  

«Утиль жинау төлемін жаңа оператордың қабылдап бастағаны туралы Экология министрлігінің тосын мәлімдемесі де сұрақ туғызады. Өйткені Қаулы жобасы осы жылдың 1 ақпанына дейін талқыланады және одан кейін оның нақты қабылданатыны белгісіз болып тұр. Утиль жинаудың ставкасын қайта қарау жөніндегі сұрақ та ашық қалып отыр. Бүгін әңгіме базалық ставка төңірегінде, ал алынатын сомалар, негізінен коэффициенттер арқылы манипуляция жасалынып отыр», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Новости партнеров