Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында мұз астына түскен 15 жылқы құтқарылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
26 қаңтарда Ақтөбе ауылындағы шаруа қожалығы қызметкерлері құтқарушыларға жүгінген. Олар Ертіс өзені маңында жылқылар жайылып жүргені, 15-і мұз астына түсіп, өз бетінше шыға алмағаны туралы хабарлаған.
"Жылқылар әдеттегідей мұз үстіне шығып, жұқа болғасын, жағаға жете алмай қалды", - деді ШҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының жетекшісі Игорь Лапенлавский.
Жылқылар алғашында көмекке келген құтқарушылардан қорыққаны айтылды. Бірақ құтқарушылар оларды шөппен алдап, құтқару арқандарының көмегімен қауіпсіз жерге шығарған.
"Бұл жұмыс бірнеше сағатқа созылды. Соңғы минуттарда жылқылар құтқарушыларға сеніп, жұмыс сәтті аяқталды", - деді құтқарушылар.