Қалада шыға алмау мәселесі тек саяжайға жиі баратындарды ғана емес, жас кәсіпкерлердің де ісіне тұсау салды
Алматыда саяжайларына жете алмағандардың мәселесі шешілді. Осыған дейін есте болса, қала аумағынан тыс жерлерде шағын бау-бақша егетіндер байбалам салған еді. Енді баратындарға рұқсат беріліп, қатаң ереже бекітілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Алматы маңында орналасқан саяжайларына жете алмай шырылдаған қала тұрғындарының жан айқайы. Олар мегаполисте енгізілген карантин режиміне байланысты діттеген жерлеріне жете алмай отыр. Осындай жағдайда қалғандардың бірі – Рүстем Әлмұхамедов. Қала сыртындағы жер телімінде көкөніс пен жеміс егуді ойлаған. Сөзінше, отбасы жыл сайын саяжайдан жинаған өнімін қыс бойы тұтынады екен.
«Басты мәселеміз – Алматы қаласының аумағынан шыға алмауымыз. Өйткені саяжай қала аумағынан тыс жерде орналасқан. Өзім карантин басталмас бұрын ақпан айынан бастап көшеттерді сатып алып дайындалып едім. Қазір күн жылынуына байланысты бұзылып жатыр. Тезірек жерге егуім керек. Егер тезірек рұқсат берілмесе, ол қоқысқа кетеді. Біз биыл өнімсіз қаламыз», – деді қала тұрғыны Рүстем ӘЛМҰХАМЕДОВ.
Қалада шыға алмау мәселесі тек саяжайға жиі баратындарды ғана емес, жас кәсіпкерлердің де ісіне тұсау салды. Бал арасын сатуды көздеген отбасының бизнессіз қалатын түрі бар. Олар жағдайларын айтып, үндеу жасады. Көктем нағыз бал жинайтын мегзіл дейді олар.
Айтылған уәжді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескерді. Кейін Алматыдағы жедел штаб жылдам шешім шығарып, саяжайға баруға рұқсат етті. Ал халыққа ешқандай құжат алудың қажеті жоқ. Бастысы саяжай меншігін растайтын заңды құжат пен қосымша екі адамның құжаттары керек. Одан бөлек, жеке бастың тазалығын сақтау маңызды. Саяжайға барар жолда міндетті түрде медициналық бетперде тағып, антисептикті ұмытпаған абзал.
«Осы орайда жасы 65-тен асқан алматылықтарға үйде болуға кеңес береміз. Осы ережелерді әзірлеу кезінде саяжайға баруға рұқсат сұрайтындардың басы бөлігі электронды өтініш беруге қиналатын егде жастағы азаматтар екендігін ескергенімізді айта кету қажет. Сондықтан жедел штаб саяжайға баратын азаматтардың жүріп-тұруын мейлінше жеңілдетуге тырыстық», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ.
Айта кетейік, саяжай аумағында көршілерді қонақ етуге тыйым салынады. Егер бір отбасынан болмаған жағдайда үш адамнан артық жиналуға да болмайды.
Жадыра Омаржан, Дияс Махамбетов, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы