Қауіп сейілді: Алматы облысындағы Қараой ауылының тұрғындары үйіне оралды

01.04.2024 19:54

Жармұхамет өзені аңғарымен ағып келген су тоғаннан тоғанға инеженерлік құрылғылардың көмегімен ағызылды

Almaty.tv

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Бұл - айтып келмеген апатты ауызбіршілікте жеңген қараойлықтардың ұраны. Осыдан екі күн бұрын су алып кете жаздаған Алматы облысы, Іле ауданында қазір жағдай тұрақты, қауіп сейілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Алматы облысы Іле ауданы тұрғындарын бір түнде дүр сілкіндірген Ворошилов су қоймасы. Оның салынғанына бір ғасырдан астам уақыт өткен. Ал мынау - су қойманың бүлінген бөлігі. Әзірге неге ондай жағдай болғаны белгісіз. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бөгет қабырғасында кішкене жарық пайда болған. Уақыт өте келе үлкейіп, 30 наурызда бөгет опырылып түскен. Небәрі 1 сағаттың ішінде қоймадағы толған су төмендегі тоғандарға жоғары қарқынмен аққан.

Су қоймасының тереңдігі - 10 метр. Бөгет жарылғанға дейін жартылай ғана толып тұрған. Екі күн бұрын аяқасты жарылып, төменде жатқан ауылдарға қауіп төндірген. Тасқын су жоғарғы арнамен ағып, Қараой ауылындағы Амангелді тоғанына түскен. Төтеншеліктер бірден жергілікті тұрғындарды құлағдар етіп, эвакуациялау жұмысының жүретінін мәлімдеді.

Қауіпті сәтте тоған маңындағы 300-ге жуық үйдің тұрғындары эвакуацияланған. Олардың көбі ағайын-туыстарының үйіне кетсе, 21 адам мектепті паналған. Ондағы қабылдау пунктіне төсек орындар қойылып, уақытылы ыстық ас беріліп отырды.

– 100 төсекті екі залға бөлдік. Үлкен залда әйелдер, кіші залда ер азаматтар орналастырылды. Үш бала, 15 адам осында түнеді, – деді Іле ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Жеңіс Балпықов

«Су қоймасы жарылды» дегенді естіген жұрт зәресі қалмаған. Алайда қараойлықтар қорқынышқа бой алдырмай, жұмылған жұдырықтай оқиға орнына келген төтеншеліктерге көмектесуге кіріскен. Бірі қап тасыса, басқалары қолдарына күрек алды, әйелдер қауымы ас әзірледі. Игі істен жергілікті кәсіпкерлер де қапы қалмады.

– Судың ағысы өте қатты болды. Екі көлден ағып келгенде қорқынышты. Қарапайым халыққа рахмет айтамын. Барлық дүкен иелері бірігіп, солардың күш-қуатының арқасында балаларға тамақ берілді. Ораза уақыты, кешеден бері жүгіріп жатыр, – деді Қараой ауылының тұрғыны Әлия Дүдебаева.

– Қапшықтың барлығын қойып, көмектестік. Халық жұмыла кірісті. Техникалар уақытымен келді. Ең алдымен, соларға рахмет айтамыз, – деді Қараой ауылының тұрғыны Тимур Алмұқанов.

– Кәсіпкер көмектесіп жүрміз. Тамақ, суын, күріш таратып жатырмыз, – деді жергілікті кәсіпкер Еркінбек Нүсіпбек

Айта кетейік, оқиға болған күннен бері Қараой ауылында 565 құтқарушы қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Суды сору жұмыстарына 83 бірлік техника мен 6 мотопомпа жұмылдырылған. Жармұхамет өзені аңғарымен ағып келген су тоғаннан тоғанға инеженерлік құрылғылардың көмегімен ағызылды.

– Үйлерді су басу қаупі жоқ. Амангелді тоғанына келген су бірден сорылып, арналар арқылы Қаскелең өзеніне ағызылды. Ол ары қарай Қапшағай су қоймасына құяды. Негізі Амангелді-2 тоғанының сыйымдылығы - 250 мың текше метр. Тасқын су толғанға дейін 180 мың текше метр болған. Барлық шлюз ашық, – деді Іле ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бауыржан Сүлейменов.

Қараой ауылында жағдай тұрақты, жабылған Байкент-Қараой бағытындағы тасжол ашық. Ал эвакуацияланған тұрғындардың бәрі үйіне оралды. Жергілікті атқарушы органдар жағдай алдағы уақытта да бақылауда болатынын жеткізді.

Аяулым Көлжігіт, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Абай облысында су басқан аймақтан екі шопан құтқарылды