Қазақ хандығы тұсында 10 мың әскерді басқарған Ақпан батырдың мазарына қауіп төнді. Ұрпақ үшін өліспей беріспеген алып тұлға жатқан жердің маңында бүгінде жекеменшік компания қазба жұмысын бастап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ақпанның қорымын қорғауға алсын» деп ұрандап жүрген көптің бірі Сайлыбай Шоқановтың сөзінше, бұл мәселені ақсақалдар біраз жылдан бері айтып келеді. Бірақ өзгеріс жоқ. Құрып кету қаупі төнген қолбасшы мазарына қатысты дауды шешуге ақжағалылар да асықпайтын сияқты.
– Атамыз жатқан жердің төңірегін алтын іздеушілер келіп қазып, ауыр техникасымен таптап жатыр. Біз ата-бабамыздың жатқан жерін, сүйегін таптатып қоюға қарсымыз, – деді Ақпан батырдың ұрпағы Сайлыбай Шоқанов.
Батырдың бейітіне алаңдаған ұрпақтың сөзін жергілікті шаруалар да құптап отыр. Жылқышы Бауыржанның айтуынша, алтын іздеушілер өзен бойына бөгет тұрғызғалы малды суару қиындай түскен. Бастау тоқтаған соң жайылымда құнарлы шөп те өспейді.
– 2018 жылдан бастап осы жерге алтын іздеушілер келе бастады. Жерді қазып, суға бөгет қойып, алтын жуатын шағын зауытта жұмыс істеп жатыр. Мал ұстауға кедергі болды, – деді шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Қарамолдиев.
Алтын іздеушілер туралы басқармадағылар да біледі. Кезінде өздері рұқсат берген. Бірақ олар геологиялық барлау жүргізуге ғана келіскен, ал пайдалы қазбаның заңсыз өндірісі 2019 жылы басталған.
– Хабарламалар министрлікке жіберілді. Екі ЖШС-мен арада жасалған келісімшарт жойылды. Соған қарамастан, олар өз жұмысын жалғастырып жатыр, – деді Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Азамат Құдайбергенов.
Бұл істе шенеуніктер қауқарсыз болып шықты. Олардың айтуынша, заңсыз кәсіпті тоқтатуға тәртіп сақшылары жауапты. Жұрт көне зираттың аумағына ауыз салғандардың әрекеті экологиялық апатқа әкеледі деп қорқады. Ал қорымды қорғауға алынған ескерткіштер қатарына қосу үшін зерттеу керек.
– Облыстық деңгейде тіркедік. Жүргізілетін белгілі жұмыстарға 2-3 жылдай уақыт кетеді. Ғалымдардың зерттеуі, архивтік деректер жасақталып, барлығы қолымызға тигеннен кейін, мемлекеттік қорғауға алынады, – деді Мәдениет басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.
Ақпанда қайта айтылған Ақпан батырдың қорымына қатысты мәселе сонымен ғалымдардың жұмысына қарай біржақты шешілетін болды. Археологтар мен тарихшылар мазарды сақтап қала алады. Әкімдіктегілер жуырда арнайы зерттеу жұмысы басталатынын айтты.
Оразай Нұртайұлы, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысынан
Оқи отырыңыз: Абай облысында жалған полицейлер ер адамның шотынан ақша шешіп алған