«Контрафактілік өнімдер ауылымызды жайлап, дүкен сөрелерін басып алды». Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылының тұрғындары осылай дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Даудың басы қоқыс полигонынан басталған. Тұрғындардың айтуынша, мұнда тек тұрмыстық қалдықтар емес, контрафактілік өнімдер де әкелінеді. Алайда олардың көзі жойылмайды. Көтерме саудамен айналысатындар жүк көліктерімен келіп, тиеп алып, әрі қарай саудасын жалғастыра беретін көрінеді.
– Әкімшілік бұл орынды жаптық деген. Онда медициналық, биологиялық, химиялық қалдықтар болған. Шұжық сатып аламыз. Біреудің тойына барады, уланады, – деді Шелек ауылының тұрғыны Дәурен Бақберген.
Ауыл азаматтарының айтуынша, 4 гектарға созылып жатқан аумаққа адам денсаулығына зиян небір зат төгіледі. Алайда қадағалаудың жоқтығынан қоқыс алаңының көлемі ұлғайып, одан келетін қауіп те артқан.
– Полигонды өртеп жіберді,15 күн бойы өртті өшіре алмады. Өрт сөндірушілер де өшіре алмады. Қатты боран болды. Бұрқыратып бүкіл түтінді ауылға кіргізді. Сасық иіс, есік аша алмайсың, бала-шаға қалай өмір сүреді, түсінбеймін, – деді Шелек ауылының тұрғыны Жігер Жұматайұлы.
– Кеше қайғылы оқиға болды. Іле көшесінде бір кісі көз жұмды. Арақтан қайтыс болып кетті деген күмәніміз бар, бірақ нақты емес, – деді Шелек ауылының тұрғыны Дәурен Бақберген.
Тұрғындардың айтуынша, мұның бәрін заңсыз қоқыс алаңы аумағында жұмыс істейтін компания былықтырып отыр. Контрафактілік өнімдерді де көтерме бағамен солар сататын көрінеді. Ал компания өкілдері қазір қоқыс үшін жауап бермейтінін, тек арнайы техниканы жөндеумен айналысатынын айтып, ақталды.
– Қоршауды көріп тұрсыздар, біздің аумақ – осы. Сыртындағы дүние үшін мен жауап бермеймін. Бұрын қоқыс жинаумен айналыстық. Алайда тұрғындармен келісе алмадық, бір жылдан бері тек техника жөндеумен айналысамыз, – деді компания өкілі Ирина Голубкова.
Ауыл әкімінің орынбасары Мәди Бектасов экономикалық тергеу департаментіндегілер заңсыз тауардың көзін жою үшін оларды осында әкеледі деп отыр. Ол 1 жылдың ішінде полигон толық жабылады деп сендірді. Қазір қоқыс алаңына қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқан көрінеді. Шенділер болашақта аумақты көгалдандырып, шағын сквер жасалатынын айтты.
– Жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталғаннан кейін, карьерден 39 гектар жерді сұрадық. Сол жаққа апарып рекультивация жасап, қоқыстарды жаңағы заң бойынша жою жұмысын атқарамыз, – деді Шелек ауылдық округі әкімінің орынбасары Мәди Бектасов.
Айта кетейік, қазір облыста 7 қоқыс полигоны мен қалдықтарды уақытша жинайтын 131 жер бар. Былтыр 375 заңсыз орын анықталған. Оның 370-і толығымен жойылған.
Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қорымға қатысты дау: Ақпан батырдың мазарына қауіп төнді