Пәтер иелері шетелдіктердің келгенін хабарлауы керек

27.09.2022 23:04

Шетелдіктің келуі туралы хабарламаны қабылдаушы тарап үш тәсілмен бере алады

inbusiness.kz

Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды ескертті. Бұл туралы РСК брифингінде Алматы қалалық полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуі мен онда болуы қағидаларының" 9-тармағына сәйкес шетелдік азаматтарды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар өздеріне келетін көшіп келушілер туралы Ішкі істер органдарын хабардар етуге міндетті екенін түсіндіреміз", - деді ол

Аталған хабарлама шетелдік азамат келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде міндетті түрде беріледі.

Осы мерзімді өткізіп алған және көшіп келушінің келуі туралы Ішкі істер органдарына хабарламаған жағдайда, Қазақстанда қабылдаушы жеке және заңды тұлға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 518-бабы бойынша жауаптылыққа тартылатынын ескертеміз.

Әкімшілік шара қолданылуы:

  • Жеке тұлғалар үшін ескерту түріндегі жаза, ал қайталап бұзғаны үшін  – 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 91 890 теңге мөлшерінде айыппұл көзделген.
  • Заңды тұлғалар үшін 10-нан 25 айлық есептік көрсеткішке дейін. Қайталанған жағдайда 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған, бұл 306 мың теңгеге тең.

Шетелдіктің келуі туралы хабарламаны қабылдаушы тарап үш тәсілмен бере алатынын хабарлаймыз.

1. Жеке және заңды тұлғалар көшіп келушінің келгені туралы электрондық визалық және көші-қон порталы арқылы тікелей хабарлай алады vmp.gov.kz немесе egov.kz арқылы. Ол үшін қазақстандық тарап электрондық цифрлық қолтаңбасы және көшіп келушінің  паспорттық деректері жеткілікті.

2.Қазақстан тарапынан қабылдаушы жеке және заңды тұлғалар шетелдіктің келгені туралы хабарламаны тікелей өз ауданы бойынша ішкі істер органдарының көші-қон қызметінің бөлімдері мен бөлімшелеріне бере алады.

3. Е-Qonaq қосымшасы арқылы хабарлама беріледі.

Қазақстан Республикасы азаматтары мен шетелдіктердің Заңның осы талаптарын сақтауға міндетті екеніне тағы да назар аударамын.