Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, арнайы компанияға ресми хат жолдаған
СҚО-дағы Ольшанка ауылы интернетсіз отыр. Петропавл қаласынан 15-ақ шақырым қашықтықта орналасқан елдімекен тұрғындары мұның ұялы телефон байланысына да айтарлықтай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Анатолий Дранко 17 жылдан бері Ольшанка ауылында тұрады. Оның айтуынша, елдімекен тұрғындары байланыс үшін көшеге шығуға мәжбүр. Жергілікті азаматтар қаражатына арнайы құрылғы орнатқан. Алайда ол да қауқарсыз. Ауылда мемлекеттік электрондық порталға қол жеткізу, қажетті қызметтерді алу мүмкін емес.
– eGov.kz порталы арқылы барлық анықтамаларды алуға болады. Ал бізде ұялы байланыс жоқ. Интернетті үйден шығып іздейміз. Ауылымыз төмен жақта орналасқан, сондықтан, қосымша байланыс құралдары қажет, – деді Ольшанка ауылының тұрғыны Анатолий Дранко.
Ал ауыл тұрғыны Татьяна Трубникованың айтуынша, келелі мәселе балалардың білім алуына кедергі келтіріп отыр. Үйге берілген тапсырманы орындай алмай, оқу порталдарына қосылуға мүмкіндігі жоқ. Жедел жәрдем мен басқа да төтенше жағдай қызметін шақыру қиын.
– Бізде мүлдем ұялы байланыс жоқ. Өрт сөндірушілерді де шақыра алмаймыз, ауруханаға да жете алмаймыз. Бірде ауылдағы жалғыз дүкен өртенді. Оны тұрғындар жабылып сөндірді. Ал төтеншеліктер кеш келді. Өйткені олармен байланысты кеш орнаттық, – деді Ольшанка ауылының тұрғыны Татьяна Трубникова.
Аталған жағдайға қатысты Қызылжар ауданының әкімдігі пікір білдірді. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ауылдық округтың басшысы ұялы байланыс орнатып, оның сапасын жақсарту үшін арнайы компанияға ресми хат жолдаған.
– «КаР-Тел» компаниясына хат жолданды, оларда «250+» деп аталатын бағдарлама бар. Негізі компания биыл антенна орнатамыз деп жауап қатқан. Алайда әлі ешқандай жұмыс басталмады. Тағы хат жолдап, жеделдетуге тырысамыз, – деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Саят Омаров.
Айта кетейін, Ольшанка ауылында жақын арада телекоммуникациялық мұнара орнату жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Бұл бастама елдімекендегі ұялы байланыс пен интернет сапасын едәуір жақсартуа ықпал етпек.
Гүлмарал Изатқызы, Нұргүл Алина, Қазыбек Арықбаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО
Оқи отырыңыз: Елімізде 6600-ден астам интернет-казино бұғатталды