Инфрақұрылым және қауіпсіздік: Медеу ауданы қалай өзгереді

14.07.2021 19:58

Қазір барлық көшелерде асфальт төселіп жатыр

Almaty.tv

Есентай өзенінің арнасы Тереңқұр жүргіншілер алаңы секілді халыққа ыңғайлы демалыс орнына айналмақ. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев  аймақтың абаттандыру жұмыстарымен танысты. Одан бөлек, мегаполис басшысы Медеу ауданындағы жолдар мен әлеуметтік нысандардың құрылысын тексеріп, бірқатар нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ қала әкімі жұмыс сапары кезінде жауапты мамандарға Таиров көшесіндегі көшкін жүру қаупі бар аумақты бекіту жұмыстарын бастауды міндеттеді. Толығырақ Almaty.tv тілшіcі тарқатады.

Су қорғау жолағы мен Есентай өзені арнасын Жамақаев көшесіне дейін қалпына келтіру жұмыстары - Медеу ауданында жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың бірі. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жағажайды бекіту, өзен арнасын кеңейту мен тереңдету жұмыстарын тексерді. Мұнда бір бөлігі ағаштан жасалған, екінші бөлігі асфальт болатын жүргіншілер жолы салынып жатыр. Осы ретте мегаполис басшысы жолды баспалдақсыз әрі барынша ыңғайлы етіп жасауды тапсырды. 4 шақырымнан асатын жол жиегіне 350 жарық бағанасы қойылады. Сәулет мүсіндері, орындықтар, балалар алаңы мен санитарлық-гигиеналық құрылғылар орнатылады. Бұл маң жанға сая болатын екінші Тереңқұрға айналады.

Ал Думан ықшамауданындағы жолдар күрделі жөндеуден өтуде. Бүгінде 14 көшеге асфальт төселген. Тағы 39 көшені жөндеу жоспарланып отыр. Жұмыстарды көріп шыққан қала әкімі ықшамауданның басты көшелерін жуық арада аяқтауды тапсырды.

«Жол бұрын болған. Мынау су мен кәрізді жаңадан тартуына байланысты жолдарды қайта жасап жатыр. Қазір енді мінекей 70-80 пайызы бітті. Жол жақсы. Шаң да азайды. Екі жылдай шаңда жүрдік», – деді қала тұрғыны Нұрсұлтан Көбеев.

«Қазір барлық көшелерде асфальт төселіп жатыр. Сапасы да жақсы. Ешқандай шағым жоқ», – деді қала тұрғыны Лаура Санбетова.

Бұдан бөлек арнамыздың Akimat LIVE  бағдарламасында Таиров көшесінің тұрғындары қала басшысына үйлердің қауіпті жерде тұрғанын айтып, бекіту жұмыстарын жасауды өтінген еді.

Бақытжан Сағынтаев қауіпті деп танылған аумаққа арнайы барып, жақын арада беткейді нығайту жұмыстарын бастауды тапсырды. Көше бойында орналасқан 72 үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Алатау шағынауданын дамытуға да ерекше назар аударылуды. Алатау экономикалық аймағының жанында орналасқан бұл аурухана күрделі жөндеуді қажет етеді. Ол үшін алдымен ғимаратқа сараптама жүргізілетін болды. Мұнда шағын ауданның 10 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетіледі.

«Күз бен қыста ғимараттың жылы болғанын қалаймыз. Енді әкімдік тарапы алдымен нысанды толық тексерістен өткізеді. Тек сол сараптама қорытындысынан кейін ғана не сейсмикалық бекітілетіні, не күрделі жөндеу жасалатыны белгілі болады. Сонымен қатар ауданда 1200 оқушыға арналған №7 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Оқу ордасы алдағы оқу жылына дайын болуы керек», – деді «Алатау қалалық ауруханасы» МКК бас дәрігері Гүлжанат Байзақова.

«Сейсмикаға байланысты жұмыстар негізгі жасалған. Колоннаның орнына жаңадан темірден колонна салып, штукатурка кейінгі сапада қолданылып жатқан. Оның сапасы бетонның сапасынан кем болмайды», – деді құрылыс учаскесінің прорабы Сейсенбай Майемгенов.

Бұдан бөлек жыл соңына дейін 150 адамға шақталған дене шынықтыру және сауықтыру кешенін ел игілігіне беру жоспарланып отыр.

«Кешен екі қабаттан тұрады. Толықтай металлдан жасалған құрылым. Ішінде балаларға және ересектерге арналған екі бассейн болады. Екі жабық стадион және екі теннистік корт салынады», – деді құрылыс учаскесінің прорабы Сәкен Қанаев.

«Бюджетке қатысу» жобасы аясында Ардагерлер саябағы абаттандырылып жатыр. Жергілікті тұрғындар қала әкімінен саябаққа скейт-парк салуды сұрады. Бұл мәселе алдағы уақытта зерделенетін болады. Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев Көлсай шағын ауданында жүріп жатқан инженерлік желілер тарту жұмыстарымен танысты. Жалпы ұзындығы 15 км желінің 14 жарым шақырымы тартылып қойған. Жұмыс сапары соңында қала әкімі әл-Фараби даңғылы бойындағы Меңдіқұлов көшесінен Достық даңғылына дейін созылған 9 қабатты 22 үйдің қасбетін жөндеу жобасын көріп шықты.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, Рашид Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы