Ел асып, еңбек еткендер: пайдасы, зияны қандай

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгінде 135 мың қазақстандық шетелде еңбек етеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық жастардың арасында Ұлыбританияда жұмыс істеуі трендке айналып барады. Арнайы мамандықпен, тәжірибе жинау үшін деп ойлап қалмаңыз. Біздің жастар Корольдікке құлпынай теріп, қарға айдап аз уақыттың ішінде қомақты қаражат табуға қызығатын көрінеді. Тіпті, сол елге заңды түрде жөнелтетін компаниялар да көбейе бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстандықтардың Ұлыбританияда жұмыс істеп жүрген видеолары бірінен кейін бірі тарай бастады. Қырыққабат тереді, құлпынай жинайды, шөп шабады. Тіпті құстарды қоритын жұмыс та бар екен. Әлеуметтік желіге бір күндік өмірін де салып әлек. Сол жақта тер төгіп жүргендер Англияда кімдердің еңбек етуіне оңай немесе қиын болатынына дейін түсіндіріп жариялайды.  

Айбар Олжаевтың айтуынша, шетелге шығып ақша табатындардың көбі жастар. Мұндай құбылыстан қорқудың қажеті жоқ. Себебі, бұл біздің макроэкономикамызға оң әсерін береді. Елге ақша келеді. Жалпы ішкі өнім өсе бастайды. Дегенмен, таяқтың екінші ұшы бар. Қазақстанда экономикалық белсенді топқа жататын 10 миллион адам бар екен. Егер, осының 20 пайызы шетелден келетін болса, елдің экономикасына кері әсерін береді.  

– Сыртқы экономика нашарласа адамдар біздің елге қайтатын болса, онда оларға жұмыс істейтін орын болмай қалады. Содан әлеуметтік қайшылық, жергілікті халық пен мигранттар арасындағы белгілі бір үлкен әлеуметтік шиеленістің көрінісін көруіміз мүмкін. Сондықтан осы қауіпсіз деңгей шегін, қанша адам жұмыс істеуіне болады? Біздің экономикалық зерттеу институттары зерттеп, қазірден бастап үкіметке айта бастауы керек, – деді сарапшы Айбар Олжаев.

Маманның есебінше, осы күні 135 мың қазақстандық шетелде еңбек етеді. Қазақстанның СІМ азаматтарымыз Англияға заңды түрде, белгілі бір компанияның шақыртуымен барып жатқанын айтты.

– Шарт бойынша, Ұлыбританиядағы компания Қазақстан азаматын өзінде жұмыс істеуге шақырады. Сол шақырту негізінде біздің азаматтарымыз барып жатыр. Ал жеткен соң өзге жаққа кетіп қалатындарға айыппұл салынады, депортация жасалады. Биыл Қазақстанның Лондондағы консулдығына 150 адам жүгінген, – деді ҚР СІМ Коммуникация департаменті басшысының орынбасары Ерлан Жетібаев.  

Ерлан Жетібаевтың айтуынша, Ұлыбританияға еуроодақтан шыққаннан кейін Шығыс Еуропадан маусымдық жұмысқа келетіндер саны күрт азайыпты. Сонымен қатар, пандемия да гастербайтерлердің келуін тоқтатқан. Сондықтан, аталған елдің билігі ТМД елдерінен жұмыс күшін тартуға бел буған. Айта кетейін,  Ұлыбритания ішкі істер министрлігінің ақпарына сай, былтыр Қазақстаннан маусымдық жұмысқа барған азаматтар саны 2 мың 672 болған.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Геннадий Головкин Қазақстанға оралады

Новости партнеров