|
19.04.2019 | 15:00
8611

«Бақытты отбасы»: Алматыда 230-дан астам адам жұмыспен қамтылды

Көпбалалы отбасыларды жұмысқа орналастыруға 3 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген

«Бақытты отбасы»: Алматыда 230-дан астам адам жұмыспен қамтылды иллюстративное фото

Елімізде әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған еді. Оның аясында, көптеген әлеуметтік жұмыс орындары ашылды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ, «Еңбек» бағдарламасы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтып немесе жұмыссыз жүргендер 6 пайыздық мөлшерлемемен 20 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады.

Сонымен қатар, бизнес идеясын жүзеге асыруға қайтарымсыз несие беріліп жатыр. Былтыр оны 100 адам алса, биыл қаржылай көмекті 867 адамға беру жоспарланып отыр. Биыл көпбалалы отбасыларды жұмысқа орналастыру үшін квота саны ұлғайып, 3 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қаланың 300-ден астам жұмыссыз тұрғыны да жаңа мамандықты меңгеріп жатыр. Олардың қатарында көмекке мұқтаж және көпбалалы аналар да бар.

Ержан Ортықовтың қайық жасауды қолға алғанына бір ай болған. Көздегені жүзеге асса, көрнекі жерге қойып, отандық туризмді насихаттағысы келеді. Төрт баланың әкесі осыған дейін жұмыссыз жүрген. Себебі 10 жыл бұрын жол көлік апатына түсіп, мүгедек боп қалған оны еш жер жұмысқа алмаған. Ендігіде Ержан кішігірім цехта жиһаздың жаңа түрлерін жасап сатуды көздейді.

«Жалғыз аяқпен ақсаңдап жүрген соң, көп жер ала қоймайды. Содан кейін әкімшілік арқылы осы жұмысқа орналастық. Бізге осындай мүмкіндік берілді» - дейді шебер Ержан ОРТЫҚОВ.

Көпбалалы ана Эльмира Мәдибекова да қол қусырып отырған жоқ. Баламен үйде отырған ол аспаз мамандығы бойынша қысқа мерзімді курс тәмамдаған. Үш ай ішінде сертификат алыпты. Енді келіншек «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алуға ниетті. Егер 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 505 мың теңге берілсе, кішігірім кәсібін бастамақ. Көпбалалы ана қазірдің өзінде нысанды жалға алып, тамақ сатумен айналысуды көздейді.

«Осыған дейін үйде отырдым. Сосын екі қолға бір жұмыс табайын деген ниетпен аспаздықты оқып алдым. Енді маған бизнес жоспарыңызды әкелсеңіз, 505 мың теңге қайтарымсыз грант береміз деді. Алға қойған жоспарларым өте көп», – дейді Эльмира МӘДИБЕКОВА.

«Жалпы айтқанда «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында шағын несиелер мен гранттар да бар. Қазіргі уақытта 9 адамға грант бөлінді. Жылдың соңына дейін 200-ден астам жұмыссыз, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға шағын несие беру ойластырылуда», – дейді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Ғабит СЕЛЕУБАЕВ.

Алматыда мамандарды оқыту және қайта даярлаумен айналыстаны 20 орталықта 68 мамандық беріледі екен. Биыл бұл курстарға 300 адам, оның ішінде көпбалалы аналар жіберілген. Жалпы, жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 4500-ден астам адам келсе, оның 500-і мұқтаж және көпбалалы отбасынан. Қала берді, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында тағы да екі мыңға жуық қосымша орын ашылмақ. Сондай-ақ, аталған бағдарлама бойынша алғашқы 200 отбасыға пәтер кілті табыс етіледі. Жалпы күні бүгінге дейін 1500-дей өтінім келіп түссе, оның 659-ы талаптарға сәйкес деп танылған.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, Алматы телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир