Талай қиындықты бастан өткерген ананың бүгінде қуанышында шек жоқ
Шымкентте дәмхананы паналап келген жалғызбасты ана баспаналы болды. Амалдың жоқтығынан 5 перзентімен бірге суық жерде тұрып келген отбасына халық жылу жинап, Шұбарсу елдімекенінен баспана алып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
3 жыл бұрын күйеуі қайтыс болған Мәрия 5 баласымен дәмхананың бір бұрышын паналауға мәжбүр болған. Өйткені жалдамалы пәтер иелері көпбалалы ананы қабылдамаған. Ал өзі еден жуушы әрі аспазшының көмекшісі болып жұмыс істейді. Дәмхана басшылығы жұмыс орнында уақытша тұруға рұқсат берген.
Талай қиындықты бастан өткерген ананың қуанышында шек жоқ. Қалың көпшілік қайырымдылық қоры арқылы отбасына жылу жинап, Түркістан облысына қарасты Шұбарсу елдімекенінен баспана алып берді.
Бұған дейін дәмханаға келушілерінің кеткенін күтіп, түнде сабақ оқитын балалардың енді өз бөлмесі бар. Бастысы жылы үйде тыныш ұйықтайды. Балаларына осындай мүмкіндік сыйлаған жалғызбасты ана қазақ жұртына алғысын білдірді.
«Бізге көмектескен халқыма, мектеп мұғалімдеріне алғысым шексіз. Баспаналы болғаныма қуанып, толқып тұрмын. Қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес», – деді көпбалалы ана Мәрия Мұхтасарова.
Қайырымдылық қор өкілдерінің айтуынша, халықтан 21 млн теңге жиналған. Қаржының 20 млн теңгесіне 5 бөлмелі үй алса, қалған ақшасы үйдің керек-жарағына жұмсалған. Отбасындағы балалар білім алатын мектеп ұжымы да игі іске атсалысқан.
«Елімізде көмекке мұқтаж адам көп. Бізге жазған хаттың барлығын саралай отырып, тізім жасаймыз. Оларды кезекке қойып, тексереміз. Себебі, өтірік айтып, пайда көретіндерде аз емес», – деді «Дәулеттен» қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Дәулет Төлеутайұлы.
Ешкімді бөліп-жармаймыз деген қор ұжымы қиын жағдайға түскен жанұяларды баспанамен қамтып, білімін жетілдіру арқылы да көмек көрсетуді көздейді.
Мөлдір Ибадуллаева, Абзал Тұрабек, «Алматы» телеарнасы