Ақшамыз көкке ұшты: батпаққа батқан ұзынағаштықтар мердігердің ісіне наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұрғындар әр үй 50-60 мың теңге жинап, көшеге тас төсеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Әкімдік қалтамыздан ақша шығарып төсеген тасжолдың тас-талқанын шығарды». Бұл – Алматы облысы Ұзынағаш ауылы тұрғындарының шағымы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Толарсақтан саз емес, балшық пен батпақ кешкен ауыл тұрғындарының өкпесі қара қазандай. Осыдан екі ай бұрын әр үй 50-60 мың теңге көлемінде ақша жинап, көшеге тас төсеген. Қыс мезгілі бел ортасына келген шақта мердігер компания «су құбырын жүргіземін» деп жолдың бәрін қазып тастапты. Кейіннен артылып қалған топырақты тазартпай, көше-көшеге жая салған көрінеді. Жүйесіз жұмыстың арты аяқ алып жүргісіз ми батпаққа айналған.

– Халық әкімшіліктен ақша сұрамай, құм төгіп, жөндеген жолын медігер талқандап кетті. Бес көшені қайтадан жөндеу керек. Ең қиыны - балаларымыз мектептен қалды, – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Ауданбек Жұмабек.

«Өркениеттен жұрдаймыз» деген ауыл халқы баласына мектепке бару үшін аяғына пакет орап беретін көрінеді. Әркім тастаған пакет жер-жерде шашылып жатыр. Ал жедел-жәрдем көлігінің ауыл көшелерімен жүруі қиын. Такси қызметі жолаушыларды үйіне дейін жеткізбей, көше басына тастап кететін көрінеді.

– Мен 2018 жылы ауылға көшіп келдім. Балабақшаға баратын балаларым бар. Оларды асфальт төселген көшеге дейін көтеріп алып барамыз. Аяқ киімін тоқсан сайын ауыстырамыз. Бір жылда бір балаға 3 аяқ киім аламын. Кеше ғана тағы барып аяқ киім сатып алдым, – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Жұмахан Елшанова.

Ал Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы аймаққа келуден бас тартты. Әуелі жиналыстамын деген әкім сәлден кейін денсаулығына байланысты демалыс алғанын айтты. Ал әкімнің орынбасарынның айтуынша, су құбырын тарту кезінде келеңсіздік болған.

– Қазіргі уақытта аудан тарапынан екі грейдер қосымша техника келіп, төмен түсіп кеткен жерлерге балас төселіп, жолдар қалпына келтірілді. 2025 жылы жоба аяқталып, су қолданысқа беріледі. Қазір 7 ұңғыма қазылып жатыр. Алдағы уақытта жобалық сметалық құжаттары жасалып, судың бітуіне байланысты жол жөндейміз, – деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы.

«Ауыл тұрғындарын ауыз сумен толық қамтымайынша, жол салынбайды» деген жергілікті әкімдік өкілдері бұл жолы да қарашаны құр уәдемен тойдырды. Тасжол төсеу 2025 жылдың екінші жартысында ғана басталатынын айтты. Ал тұрғындар айтқанынан нәтиже шықпаса, Үкіметке арыз жазбақ.  

Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ауыл болғымыз келеді: саяжай тұрғындарының қалауына кім қарсы

Новости партнеров