Елордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық өнім таратушыны қоғамдық орында кезекті есірткіні жасырып жатқан жерінен ұстады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында Интернациональный кентіндегі көшелердің бірінде 20 жастағы жігіт ұсталды.
Жеке тінту барысында күртесінің қалтасынан салмағы 80 грамнан асатын синтетикалық зат оралған 87 түйіншек табылып, тәркіленді. Жігіт тауарды қоғамдық орында қалдырып, интернет-дүкен арқылы байланыссыз әдіспен сатқан. Көбіне жеке сектор ауданында, шағын саябақтар мен жол бойында жасырған.
Жедел-тергеу шарасы барысында жігіт өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта қамауға алынып, ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы жүргізілуде. Бұл бап 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Ұсталған адамның сыбайластарын анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Ақшадан қатты қысылған астаналық жалдамалы пәтердегі мүлікті сатты