Кадр тапшылығы: СҚО-ға биыл қандай маман иелері қоныс аударды

Almaty.tv
Almaty.tv
Өңірге Моңғолия, Қытай мен Ресей мемлекеттерінен 125 қандас қоныстанған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

СҚО-да биыл 1200-ден аса адам қоныстанып үлгерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жамбыл облысынан СҚО-ға бір жыл бұрын қоныс аударған көпбалалы отбасының бірі – Қожаевтар жанұясы. Олар Смирново ауылында тұрады. Көші-қон бағдарламасының көмегімен үйдің отағасы жұмысқа орналасып, кәсібін дөңгелету үшін мемлекеттік грант ұтып алған. Ал 7 баланың анасы Құралай Қожаева болса, ауа райы суық өңірге келгеніне өкінбейді. Себебі аймақта дамуға мүмкіндік көп.

– Жолдасым Үкіметтен 400 АЕК-пен грант ұтып алды. Сиыр сатып алып, сауып отырмыз. Ал бұқаны қыста сатамыз. Сиырдан бөлек, жылқы бағуды жоспарлап жүрміз, – деді Смирново ауылының тұрғыны Құралай Қожаева.

Ал 35 жастағы Жәнібек Мақпал Баян-Өлгей аймағының әкімшілік орталығында тұрып келген. Ол ата-бабасының қашан Моңғолияға көшіп келгенін ұмытып қалған. Ал туған жерге оралуға мүмкіндік пайда болғанда, әрекет етіп, СҚО-дағы Дайындық ауылына көшіп келген. Қандас мал шаруашылығымен айналысады. Ал жұбайы ауыл мектебінде қызмет етеді.  

– «Көпбалалы отбасына қамқорлық жасайды» деп көшіп келдік. Баспана, қаржылай көмек берді. Кісі басына 240 мың теңгеден жолақы алдық. Жағдайымыз жақсы, – деді Дайындық ауылының тұрғыны Жәнібек Мақпал.

Өңірдегі Еңбек мобилділігі орталығының дерегінше, биыл СҚО-ға елдің жұмыс күші мол аймағынан 1205 адам көшіп келген. Сондай-ақ Моңғолия, Қытай мен Ресей мемлекеттерінен 125 қандас қоныстанған.

Еске салайық, көшіп келушілерге арналған өңірлік квота – 2702 адамға, 207 қандасқа шақталған.  

– Көшіп келген кісіге 70 айлық экономикалық көрсеткіш, кісі басына 258 мың теңге беріледі. Егер баспананы жалға алса,  бір жылдық жалға алатын төлемін төлейміз. Медицина, білім саласына келетін қызметкер көп. Кейінгі кездері ауыл шаруашалығы саласына керек мамандар да қоныстанып жатыр, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы Еңбек мобилділігі орталығының басшысы Аман Тұргелдин.

Ал көші-қон бағдарламасы іске асқалы СҚО-да еліміздің басқа өңірінен 15 мыңнан астам адам, 900-ге жуық қандас қоныстанған. Олардың 93 пайызы облыста тұрақтап қалды. Бұл көрсеткішті жақсарту мақсатында Еңбек мобилділігі орталығында консультациялық қызмет ұсынатын бөлім ашылған.

Рүстем Айткәрім, Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО

Оқи отырыңыз: Семейде 2 жастағы бала 9-қабаттың терезесінен құлап кетті

Новости партнеров