Алматыда «Таза Жетісу» экосенбілігі өтті

05.08.2019 20:35

Енді мұндай сенбіліктер қала күніне дейін әр демалыста өткізіліп тұрады

Алматыда тазалық акциясы жалғасуда. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бастап берген «Таза Алматы» науқанын Жетісу ауданы жалғастырды. «Таза Жетісу» деп аталатын экосенбілікте жалпы аумағы 3 гектар жер тазаланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Таза Жетісу акциясы ауданда жаңадан салынып жатқан «Прасковья Пятница» атындағы шіркеудің жанында ұйымдастырылды. Таң алакеуімнен мұнда жиналғандар көп. Келгендер бірден қолғап, күрек және тырма алып жұмысқа кірісіп кетті.  Тазалық акциясын дәл осы жерден бастаудың өзіндік маңызы бар. Өйткені бұл аумақ аудандағы ең лас жер болып саналады екен. Қоқыстардың көбі әсіресе өзендерден алынған. Мұнда тұрғындар көбіне пластикалық заттар, целофан пакеттер, гигиеналық заттар тастаған.

Аудан тұрғындарынан бөлек экосенбілікке ПИК өкілдері, аудан белсенділері және көптеген еріктілер қатысты. Барлығы аталған игі істі қолдайтындарын айтады.    

«Баршамыз қаланың таза болуы үшін атсалысып жатырмыз. Арықтарды тазаладық, енді шөптер жинаймыз», – деді сенбілікке келген бір тұрғын.

«Біздің осында 30-ға жуық белсендіміз бар. Олардың әрқайсысы әр жақта жұмыс жасап жатыр», – деді келесі бірі.

Шара барысында кәріз жүйесін өзенге ағызған үй анықталып, қоршаған ортаға зиян келтірген үй иесіне 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.  

«Үйдің иесі жоқ, пәтер жалдаушылар тұрып жатыр екен. Сол себепті болашақта үйдің иесін тауып, кемшіліктерді жоямыз және әкімшілік шара қолданамыз», – деді Жетісу ауданы қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы Қуаныш ИЕШОВ.

Экоакцияға 14 техника мен 1000-ға жуық адам қатысты. Тазаланған аумақтың жалпы көлемі 3 гектарды құрайды. Науқан кезінде 63 текше метр қоқыс шығарылды.

«Акция бірінші біздің ауданнан басталып жатыр. Келесі аптада «Таза Бостандық», одан кейін «Таза Түрксіб», солайша қаланың 8 ауданында түгел осындай экоакция өтеді», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.

«Таза Жетісу» науқаны «Таза Алматы» акциясы аясында ұйымдастырылды. Енді мұндай сенбіліктер қала күніне дейін әр демалыста өткізіліп тұрады. Тазалық шарасының мақсаты адамдардың басын біріктіріп, экомәдениетті қалыптастыру.

Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

Теги: субботник