Базардағы былық: талдықорғандық саудагерлер бас көтерді

Almaty.tv
Almaty.tv
Олардың айтуынша, басшылықтың әрекеті қымбатшылыққа себеп болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Талдықорғандағы сауда орындарының бірінде шу шықты. Мұндағы көпшілік жалға алу бағасын өсірген басшылықтың бассыздығына наразы. «Шыдамымыз таусылды» деген олар бүгін базар алдында бас көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Cаудагерлердің айтуынша, базар басшылығы жалға алу бағасын бірнеше есеге көтерген. Азаматтар қанша қарсылық білдірсе де, ешкім мән бермеген. Сауда орнының иелері оларға «ақшаны төлеңдер немесе орынды босатыңдар» деп талап қойған.

Саудагерлердің айтуынша, басшылықтың әрекеті қымбатшылыққа себеп болады. Салдарынан, тұтынушы жоғалуы мүмкін. Ал азаматтар кімге шағым айтарын білмей, сабылып жүр.

– «Ұнамаса, кет» дейді. Ал біз электр жарығын ай сайын төлейміз. Бала-шағамызды сауда жасап, асырап отырмыз. Қазір сауда жоқ,  деді саудагер Динара Ысқақова.

«Тұтынушылар 500 теңгелік затты 1000 теңгеге сатасыңдар?» дейді. Біз 1-2 зат сатсақ, тәуба дейміз. Неге орынды қымбаттатады? – деді саудагер Қарлығаш Жұмабекова.

– Мүлде жағдай жасалмаған. Тіпті дәретхана ақылы. Көктем мен күзде жаңбыр жауса, төбеден су ағып, мұз қатады. Оны тазалап жатқан ешкім жоқ. Жүру тіпті мүмкін емес. Сонда не үшін бағаны көтереді? – деді саудагер Венера Қадырова.

Сауда орнында шамамен 5 мыңға жуық кәсіпкер бар. Олар бұған дейін ай сайын 44 600 теңге төлеп келген. Шерін айтып, шеруге шыққан топтың шағымын тыңдау үшін базар басшысы да келді. Алайда азаматтардың арызына құлақ түрер ол жоқ.

– Жалға алу құнын 4 жыл көтермедік, енді инфляция бар, коммуналдық қызмет көрсету құны өсті. Сол себепті осындай шешім қабылданды, – деді сауда орнының директоры Серік Құлжабеков.

Саудагерлердің базынасын жергілікті билік те біледі. Десе де, мәселені шешуде әкімдік қауқарсыз. Жағдайға қатысты түсінік берген олар «қос тарап әуел баста келісімшартқа қол қойды» деп құтылды.

– Қала әкімі өзі базардың құрылтайшысымен сөйлесті. Бірақ бұл кісілерді міндеттей алмаймыз. Алайда ұсынысты қолдамаса, екіжақты келісімшарт негізінде сотқашағымдануға болады, – деді Талдықорған қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мирас Ахметсапа.

Наразы топ о бастағы талаптан қайтар емес. Егер іс мұнымен бітпесе, сотқа да арызданбақ.

Диана Тұрлыбек, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысындағы үш ауылмен байланыс үзілді

Новости партнеров