|
26.10.2023 | 18:52
5645

Ұлттық қор: балаларға алғашқы төлем келер жылы ақпанда түседі

Қазақстанда кәмелетке толмаған 7 миллион бала бар

Ұлттық қор: балаларға алғашқы төлем келер жылы ақпанда түседі Сурет: elements.envato.com

Балаларға Ұлттық қордан бөлінетін алғашқы төлемдер келер жылдың бірінші ақпанынан бастап түседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда кәмелетке толмаған 7 миллион бала бар. Келер жылдың бірінші ақпанынан бастап олардың әрбіріне Ұлттық қордан төлем беріледі. Бұл қаражаттың қанша екені әзірге белгісіз. Белгілісі, қорға түсетін инвестициялық табыстың 50 пайызы балалардың шотына аударыла бастайды. Қолдау қаржысын кәмелетке толған соң, рұқсат етілген мақсатқа жұмсауға болады. Мәселен, тұрғын үй жағдайын жақсартуға, білім алуға бағыттауына болады.

– Ұлттық қордан берілетін төлемдер салық салудан босатылады. Қажетті нормалар Салық кодексінде жеке көзделген. Жобаны жыл сайын іске асыру кезең-кезеңімен орындалады. Ол үшін ең алдымен өткен жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қорға тәуелсіз аудит жүргізіледі. Қорытындысы бойынша Ұлттық қордың инвестициялық кірісі мен оның 50 пайызының мөлшері анықталады, – деді ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.

Қаржы министрінің орынбасары 18 жылдағы инвестициялық кірістің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың санына бөлінетінін айтты. Яғни, сол арқылы әр балаға берілетін сома анықталмақ. Кейін барып өзіне тиесілі қаражатты балалар электронды платформа арқылы шешіп алуға өтініш беруге құқылы.

– Балалар 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық табысты мерзімінен бұрын алу құқығы берілмейді. 18-ге толғаннан кейін олар жинақтарды екі мақсатқа тұрғын-үй сатып алу, білім алуға пайдалану құқығын алады, – деді  «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов.

Балаларға Ұлттық қордан берілетін ақша тек рұқсат етілген мүмкіндіктерге жұмсалады. Қолдау қаржысын жоғары оқу орындарының ақысын төлеу мен мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға болады. Ал кәмелеттік жасқа толмаған бала қайтыс болған жағдайда, Ұлттық қордан түскен қаржыны ресми мұрагері иемденеді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Биыл әскерден келген жастарға 3 мың грант бөлінді


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир