Биыл әскерден келген жастарға 3 мың грант бөлінді

Almaty.tv
Almaty.tv
Қорғаныс министрлігінің дерегінше, биыл 11 мыңнан астам сарбаз оқуға ниет білдірген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл еліміздегі 70-ке тарта жоғары оқу орны әскерден келгендерге 3 мың грант бөлді. Борышын өтеп оралғандар тегін білім алады, алайда оларға шәкіртақы берілмейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мерзімді қызметтен кейін оқуға емтихансыз түскендердің бірі – Ұлас Раушанбек. Ол – Сәтбаев университетінің студенті. Әскерден мамырда оралған сарбаз Отан алдындағы борышын Ақтау гарнизонында, теңіз жаяу әскерінде өтеген. Бүгінде Startup мамандығы бойынша 1-курста білім алып жатыр.

– Әскерде борышымды өтеп жүргенде оқуға түсуге мүмкіндік барын естідім. Ақтау қаласында 25744 әскери бөлімінде, теңіз жаяу әскерінде болдым. Сол жерде оқу орнын таңдадық. Басында ыңғайсызданым. Ал қазір бәрі ойдағыдай, – деді студент Ұлас Раушанбек.

Оқу орнының гранты әскерден келгеннің барлығына берілмейді. Мүмкіндікті жауынгерлік даярлықтың үздіктері ғана алады. Оны арнайы комиссия іріктейді. Жеңілдік бөлу кезінде ниет білдірген сарбаздардың қызмет кезіндегі тәртібі, міндетті толық орындауы және психологиясы да ескеріледі.

– Бағдарламаны Мемлекет басшысы қолдап, мемлекет тарапынан грант берілетін болды. Бұл – үлкен жетістік. Борышын өтеп жатқан әрбір сарбазға жеңілдікпен, яғни ақысыз білім алуға мүмкіндік беріліп жатыр, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы Ербол Құмарбекұлы.

Қазір жоғары оқу орны бөлген 1500 орынға іріктеу жүріп жатыр. Бұл – грант берудің екінші кезеңі. Қорғаныс министрлігінің дерегінше, биыл 11 мыңнан астам сарбаз оқуға ниет білдірген.

Айта кетсек, дәл қазір 2023 жылғы әскерге шақырудың күзгі науқаны жалғасып жатыр. Ведомство өкілдерінің айтуынша, биыл Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғандарға да мүмкіндік ұсынылады.

– Күзгі шақыру науқаны бойынша 1200-ден астам азаматты шақыру жұмысы жоспарланған. Қазіргі таңда жоспар 60 пайызға орындалды. Сол азаматтар да мерзімді әскери қызметтен кейін, мүмкіндікке ие болады, – деді Қорғаныс істері жөніндегі департаменті Заң қызметінің бастығы Дәуренбек Шегебаев.

Қатардағы жауынгерді қызметтен кейін біліммен қамту жобасы бір жағынан қазақ армиясының мәртебесін көтеру үшін іске асуда. Биыл ғана басталып отыр. Болашақта аясын кеңейту жоспарланған көрінеді.

Айта кететіні, тегін жоғары білім алу мүмкіндігі тек Қарулы күштерге ғана емес, Ұлттық ұлан мен төтенше жағдай, мемлекеттік күзет қызметінде борышын өтегендерге де беріледі.  

Оразай Нұртайұлы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жас ғалымдардың диалогы: Алматыда халықаралық форум өтті

Новости партнеров