Украинадағы алматылық отбасы эвакуациялау кезінде сәбилі болды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазақстанға көшіру кезінде айы-күні жақындаған келіншек дүниеге 8 жыл күткен тұңғышын әкеліпті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Украинаға жұмыс бабымен барған алматылық отбасының көптен күткен сәбиі эвакуациялау кезінде аман-есен дүниеге келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Бауыржан Игіліков 2 жылдан бері Киевте тұрып келген. Қазақстанға көшіру кезінде айы-күні жақындаған келіншегі дүниеге 8 жыл күткен тұңғышын әкеліпті. Олар баланың атын Батыр деп қойған.  

«Жолда келе жатып босанды. Хмельницкте Дунаевцы деген аудандағы перзентханада бір дәрігер баланы алуға келісті. Өйткені 40-шы апта болатын... Оған дейін біз Киевтің Адонец деген клиникасымен келісімшарт жасасып қойған болатынбыз. Бірақ ол жерге телефон соққанымызда басқа жаққа барыңыздар. Бізде бомбамен шабуылдайды деген соң біз кетіп қалдық. Сосын келіншегім босанған күннің ертесінде сол клиникаға зымыран тигенін естідік. Құдай сақтап, кетіп қалғанымыз жақсы болыпты», - деді Алматы қаласының тұрғыны Бауыржан Игіліков.

Естеріңізге салайық, бүгін түнде елімізге Украинадағы жерлестеріміздің төртінші легі ұшып келді. Польшадан қазақстандықтар мінген бұл рейсте 155 жолаушы болды. Оның 7-еуі – бала. Сонымен бүгінге дейін Қазақстанға 580-нен астам адам жеткізілді. Отанына аман оралған қазақстандықтардың қуанышында шек жоқ. Елшіліктерге, ел билігіне алғыстары шексіз.  

«Жағдай өте шиеленісті болды. Қазақстанның Украинадағы және Польшадағы елшілігіне алғыс айтамыз. Олар үлкен жұмыс атқарды. Киевтегі, жалпы Украиндағы қазақстандықтарды эвакуациялау бойыншы тынымсыз еңбек тындырды. Логистикалары таңғалдырды. Львов қаласына дейін жеткізді, одан әрі шекараға дейін аман-есен апарды. Ол жақта Польша елшісі күтіп алып, бізді Котовецке жеткізді», - деді қала тұрғыны Зафар Сүлейменов.

Новости партнеров