Алматыда блок-бекеттен өту үшін ПТР-тест анықтамасы талап етілмейді

12.05.2020 20:27

Қалаға жұмыс істеуге рұқсат етілген кәсіпорынның облыс тұрғындары кіре алады

Фото: ашық дереккөзден

Алматыдағы блок-бекеттерден өту үшін ПТР-тест тапсырғаны туралы анықтама талап етілмейді. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен онлайн брифингте Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Ол елімізде төтенше жағдай аяқталғанымен, Алматыда карантин режимі әлі жалғасатынын еске салды. Оның сөзінше, қауіпті дерттің беті қайтпады. Ал бүгіннен бастап қалаға жұмыс істеуге рұқсат етілген кәсіпорында қызмет ететін облыс тұрғындары кіре алады. Ол үшін кәсіптің иесі алдымен аудиттен өтуі тиіс. Тек содан кейін жұмысшыларын шақыруына болады. Жұмысшыларды тіркеу infoalmaty.kz сайтында өтеді.  

«Бекітілген алгортимге сәйкес арнайы деректер қорына осы облыстың тұрғыны болып, қалада жұмыс жасайтын кәсіпорындардың ұсыныстары қабылданып, енгізілгеннен кейін блок-бекеттер арқылы келіп,кетуге рұқсат беріледі. Бұл жерде атап айтатын маңызды мәселе, осы күнге дейін бүгінгімен қоса рұқсат берілген салалардағы кәсіпорындар ғана облыстан өз қызметкерлерін шақыруға мүмкіншілік беріледі. Және бұл тізімді біз қосымша жариялаймыз», - деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.

Айта кетейік, Алматыда 20-шы сәуірден бері 3 кезең бойынша кәсіпорындар ашылып, 350 мың адам жұмыстарына қайта оралды. Дегенмен, қалада бірқатар салаларда шектеулер сақталады. Мемлекет басшысы айтқандай, елдегі аухал дұрысталғанға дейін барынша сақтық шараларын сақтаған абзал. Ал бүгіннен бастап ел президентінің шешімімен сән салондары, кейбір білім орталықтары өздерінің жұмысын бастауға рұқсат берілді. Дегенмен, олар да тексерістен соң ғана біртіндеп ашылады.  

«Егер сіздің кәсіпорныңызға осы күнге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілмеген болса, онда облыстың тұрғыны саналатын жұмыскерлеріңізді де шақыруға рұқсат жоқ. Өйткені, жалпы қала тұрғындарына бұл салада жұмысқа шығуға рұқсат берілмейді. Бұл салалар: ірі ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, азық-түлік емес ірі базарлар. Бұған қоса, спорттық және фитнес клубтар, спорттық басқа салалардағы қызмет көрсету салаларындағы кәсіпорындар», - деді Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.