|
13.09.2019 | 19:04
6423

Алматыда SOS қалашықтағы қос отбасына пәтер берілді

Биыл 25 жылдығын атап өткелі отырған ауылдан 500 бала тәрбиеленіп шыққан

Алматыда SOS қалашықтағы қос отбасына пәтер берілді

Алматыда Сара Назарбаеваның бастамасымен ашылған SOS қалашықтағы қос отбасына пәтер берілді. Олар қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінде құны 120 миллион теңгеден асатын баспаналарға қоныстанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осылайша, «SOS балалар ауылы» пилоттық жоба ретінде асыранды ұл-қыздарды отбасымен үйге көшіру тәжірибесін бастаған. Сөздерінше, бұл асыранды балаларға жанұяның жылулығын сезінуге көмектеседі.

Бұл – Алматының қақ ортасында орналасқан 21 қабатты қымбат тұрғын үй кешені. Енді мұнда 16 жетім бала тәрбиешілермен емес, асырып алған ата-аналарымен бірге тұратын болды. Жаңа баспананы екі көпбалалы отбасыға қайырымдылық қор сыйға тартқан. Қоныстоймен құттықтауға «SOS Қазақстан балалар қалашығы» қамқоршылар кеңесінің төрайымы Динара Құлыбаева мен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы келді. Өзгенің бөбегін бауырына басып, бар мейіріміне бөлеген аналарға құшақ-құшақ гүл мен балаларға сыйлықтар тарту етті.

Жалпы көлемі 330 шаршы метрден асатын қос зәулім пәтердің құны 120 миллион теңгеден асады. Мұнда асыранды ұл-қыздардың мектепке барып, өзгелермен тең жайлы өмір сүруіне керектінің бәрі бар. Қайырымдылық қор пәтермен бірге қажетті тұрмыстық техника, жиһазды да қоса сыйлаған. Ал коммуналдық төлемдер мемлекет қаржысынан төленеді. Өз кезегінде, ата-аналарынан айырылған ұл-қыздар балалар ауылынан киім-кешектерін алып, тек көшіп келу қалыпты.

Жаңа баспанада интернаттағыдай қатаң тәртіп жоқ. Негізі «SOS балалар ауылының» да басты мақсаты – ата-ана жылуынан айырылған бөбектерді жанұядағыдай аялы алақанға салып, емін-еркін өсіру. Алматылық Әсем Әбдібекова жолдасымен отасқаннан бастап бала асырап алуды армандапты. Отағасы екеуі бірнеше жыл қаладағы SOS балалар ауылында жұмыс істеген. Енді міне қолдарына 2 ұл, 2 қызды алып, бөлек шықты. Енді жанұяның қатары жақында тағы бөбектермен толығады. Бұдан былай балалар осы жерден сабаққа барып, түрлі үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алып отыр.

«Бірінші өзім әпке болып бастадым. Біртіндеп аналардың көмекшісіне айналдым. Содан 8 айдан кейін әр үйде, әр баламен танысып, олардың мінез-құлқын, тәрбиесін зерттедім. Солай бауыр басып, бір отбасы болып кеттік, міне пәтерге ие болып отырмыз», – деді Әсем ӘБДІБЕКОВА.

«Бұл – біздің бірінші пәтеріміз емес. Бүгінгі екі жаңа баспананы қосқанда 4 үйіміз бар. Онда отбасылардың алды бір жарым жылдан бері тұрып жатыр. Барлығын қосқанда 20 шақты бала үйде тәрбиеленеді. Оның жақсы тұсы, тәрбиеленушілер өздерін өзгелерден кем емес, толыққанды отбасы ретінде көреді. Ата-анасы бар балалар секілді мектепке барып, түрлі үйірмелерге қатыса алады. Бұл жобаның нәтижесі жақсы болады деп сенеміз», – деді «Алматы SOS балалар ауылы» директоры Мира САУРАНБАЕВА.

Осындай «балалар ауылы» Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтан мен Теміртау қалаларында бар. Үш бірдей қалашық 20 шақты жыл бұрын австриялық «SOS Kinderdorf» халықаралық компаниясының қолдауымен салынған. Биыл 25 жылдығын атап өткелі отырған ауылдан 500 бала тәрбиеленіп шыққан. Тек Алматының өзінде қазір 53 бала, жастар үйінде 25 жеткіншік өсіп жатыр.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир