Қазақтың абызы, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл

Қазақтың абызы, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл
Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында аңыз тұлғаның шығармашылығы дәріптелмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әйгілі қаламгердің мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтпек. Мәдени-танымдық шаралар легі еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әдебиетіміздің алып бәйтерегі Әбіш Кекілбаев – кемелділік пен парасатқа толы шығармалары арқылы халық жадында мәңгі сақталған тұлға.

«Әбіш геолог болуды армандайтын. Бірақ бала күнінен кітапқұмар болғандықтан, ақыр аяғы филология факультетіне түсті»,  – деп есіне алады 51 жыл бірге өмір сүрген жары Клара Жұмабаева. Жастар ұйымының сол кездегі басшысы Қадыр Мырзалиев ағасы өз орнына Әбішті қояды. Студенттер жас маманнан Мұхтар Әуезовтен дәріс алуды өтінген екен. Сонда ұлы жазушының айтқан сөзі апайымыздың есінде мәңгі сақталыпты.

«Қуанып жан-жақтан бәрін жинайды. Академик, жазушы, бәрі жиналады. Әуезовтің өзі ол кезде Мұстафин, Сәбит Мұқанов солардың бәрі бар. Сол кезде жиналған кезде Әуезов келіп, ортаға келіп отырып Әбіш бір сағатқа жуық доклад жасаған. Доклад жасағанда оның естіген ең бір жақсы сөзі. «Мына баладан адам шығады», – депті. Сол есінен кеткен емес Әбіш Кекілбаевтың жұбайы Клара ЖҰМАБАЕВА.

Ғұлама ғалымның айтқаны расымен келді. Біртуар тұлғаның қайталанбас қолтаңбасы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасына айналды. Әбіш Кекілбаев тек қаламгер ғана емес, саналы ғұмырын қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне арнаған абыз тұлға. Бірқатар қызметтерде жемісті еңбек атқарып, ел Тәуелсіздігін алған тұста Тұңғыш мемлекеттік хатшы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Жоғарғы Кеңес Төрағасы болды.

«Ол кісі жазушылыққа берілген адам. Біз енді бір жердің тумасы болғаннан кейін. Бірге жүрдік. Оның әрбір шыққан шығармасына куә болдық. Қуандық. Соңғы кездері Әбекеңнің шығармаларымен кинофильмдер түсіріліп жатыр. бұның өзі де Әбекеңнің 80 жылдығына арналған бір құрмет деп ойлаймын. Әбіш аға арамызда жоқ. Бірақ қазақтың абызы қалдырған мол мұра бар қолымызда. Теңдесі жоқ қазақ тілінің қазынасын қалдырып кетті», – деді спортшы Әмин ТҰЯҚОВ.

«Әбіштану тоқтамау керек деп ойлаймын. 80 жылдығында да, 90 жылдығында да. Өйткені Майқы билердің соңы болды Әбіш. Пірдің соңы Бекет деп айтамыз ғой. Бидің соңы Әбіш деп те айтуға болады. Мінекей өйткені қазақ тілі ХХІ ғасырдағыдай ешқашан божырамаған еді. Өз тарихында. Оның сол тілдің соңғы толқынындай болды Әбіштердің тарих сахнасына шығуы», – деді жазушы Смағұл ЕЛУБАЕВ.

Биыл халық жазушысы, «Қазақстанның Еңбек ері» Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы. Тау тұлға туып-өскен Маңғыстау, керемет жауһар туындылары дүниеге келген Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында аңыз тұлғаның шығармашылығы мен өмірі халықаралық деңгейде танытылып, дәріптелмек.

Перизат Көмекбайқызы, Мақсұджан Манасов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров