Қазақстандықтарға толық емес жұмыс күніне көшуге рұқсат етілуі мүмкін

18.12.2019 20:03

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Енді әскери қызмет өткеруші азаматтың жұмыс орны сақталады. Ал, отбасының науқас мүшесіне күтім жасайтын жұмыскерлерге толық емес жұмыс уақытын таңдау құқығы беріледі. Ол туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «Еңбек мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» Заң жобасын ұсыну барысында мәлімдеді,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Қолданыстағы Еңбек Кодексі бойынша жұмыскердің әскерге шақырылуы еңбек шартын тоқтатуға негіздеме болып табылады. Осыған байланысты мерзімді әскери борышын өтеп жүрген азаматтың жұмыс орнын сақтау, сондай-ақ оларға жалақысы сақталмайтын демалыс беру бойынша жұмыс берушінің мәндеттерін бекіту ұсынылады. Бұл ретте жұмыскердің әскерден қайтып келгеннен кейін 1 айдың ішінде өзінің жұмысына кірісу міндеті де бекітіліп отыр», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ

Бұдан бөлек, Заң жобасында еңбек шарттарын жасасу және есепке алу процессін автоматтандыру мақсатында «еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» деген ұғым енгізіліп отыр. Бұл жұмыскердің еңбек өтілін, біліктілігін, жұмыс орнын растау тәртібін жеңілдетуге, жұмыскер туралы расталған ақпарат алуға және сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тағы бір өзгерту - еңбеккердің құқығы қорғалуы үшін жұмыс берушілердің жұмыскерлерге еңбек және тұрмыс бойынша лайықты жағдайлар жасау жөніндегі міндетін белгілеуді көздейді.

«Төртіншіден, жалақысы сақталмайтын демалыс бүгінгі таңда тараптардың өз келісімі бойынша беріледі. Алайда отбасының науқас мүшесінің күтімі бойынша ұзақ демалыс қажет болған кезде жұмыскерлер жалақысы сақталмайтын демалыс ала алмай соның салдарынан жұмыстан шығуға мәжбүр болып жатады. Осыған байланысты медициналық қортындыға сәйкес, күтімді қажет ететін отбасы мүшесіне күтім жасау үшін жұмыскерлерге толық емес жұмыс уақыты режимін енгізу ұсынылады», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.