Отбасы мүшелері қалай құрбан шалуы тиіс

Almaty.tv
Almaty.tv
Бас мүфтидің кеңесшісінің айтуынша, күнделікті күнкөрісінен артық дүниесі бар мұсылманның құрбан шалуы міндетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Құрбан айт намазы Астана қаласында таңғы сағат 6:00-де басталады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл Құрбан айтта мұқтаж жандар құрбандыққа шалынған мал етін алу үшін онлайн өтініш бере алады. Еліміздің мұсылмандары діни басқармасы сондай-ақ құрбандықты онлайн шалуға болатынын айтады. Мамандар сойылған мал етін мұқтаждарға тарату рәсімдерін түсіндірді.

Бүгін еліміздің мұсылмандары діни басқармасы намаздың кестесін жариялады. Мамандардың айтуынша, құрбандық намаз оқылып болғаннан кейін шалынуы керек. Сөйтіп айт аяқталғанша, яғни, 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Уақытынан ерте және кешігіп те қалуға болмайды. 

Бас мүфтидің кеңесшісінің айтуынша, күнделікті күнкөрісінен артық дүниесі бар мұсылманның құрбан шалуы міндетті.

– Егер бір отбасының асыраушысы ер адам ғана болса, оның шалған құрбандығы тұтас отбасының атынан есептеледі. Ал ерінен бөлек әйелінің де табысы, күнкөрісінен тыс артық мөлшерде дүниесі болса, ол да өз атынан құрбан шалуы тиіс. Құрбан шалуға ниеттенген кісі малды өзі соя алмаса, арнайы қасапшының көмегіне жүгінуіне болады. Қой мен ешкі бір адамның атынан шалынады. Ал түйе мен ірі қара мал бір адамның атынан да, жеті адамның атынан да сойылса болады. Бірақ жеті адамнан асып кетпеуі тиіс, – деді ҚР Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай.

Мамандардың айтуынша, qurban2023.kz сайтында құрбан шалу үшін тапсырыс беруші тиісті өтініш қалдыра алады. Ол үшін порталға кіріп, көрсетілген нұсқаулықтарды орындау қажет. Құрбандық шалынғаны туралы есеп бейнежазба ретінде тапсырыс берушінің Whats App нөміріне жолданатын болады. Сондай-ақ сайтқа мұқтаж жандар да тіркеліп, шалынған құрбандық етін алу үшін онлайн өтініш толтыра алады. Соның нәтижесінде шалынған құрбандық етін еріктілер өтініш қалдырған мұқтаж жанның сайтта көрсетілген мекенжайына жеткізіп береді.

– qurban2023.kz платформасында соңғы күнге қалдырмай құрбан шаламын деушілер болса, ертерек өзінің өтінішін қалдырсын. Өйткені біздің штабта мұқтаждардың ұсынысы көбірек болып жатыр. Соған соңғы күнге қалдырмай алдын ала сараптамадын өткізіп, қай волонтер қандай заттарды кімге апарады дегенді бөлуі керек. Өтінішті ертерек берсеңізер, бізге қолғабыс болар еді, – деді ҚМДБ жанындағы Зекет қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қарыз алып құрбан шалу міндет емес екенін айтады. Сонымен қатар құрбан малды көрсетілген, бекітілген уақытта шалу керек. Ал садақа ретінде құрбандық қаражаты жүрмейді. Айта кетейін, Астана қаласында құрбандық шалатын 5 орын белгіленген. Бұл орындарда таңғы сағат 8:00-ден кешкі 18:00-ге дейін мал союға болады.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров