Ойын алаңындағы төтенше жағдай: Қарағандыда аудан әкімінің орынбасары қызметінен босатылды

almaty.tv
almaty.tv
Қатты жел футбол алаңында ойнап жүрген балаларды көгалмен бірге ұшырып әкеткен еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағандыдағы ойын алаңында болған төтенше жағдайдан кейін Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аппараттық кеңесте облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала басшысына жергілікті аулаларды абаттандыруға жауапты маманды жұмыстан шығаруды тапсырды. Сондай-ақ құзырлы орган өкілдеріне мердігердің жауапкершілігіне құқықтық баға беруді сұрап, балалар алаңын жасақтауда қауіпсіздікті ескеру керек екенін айтты. 

Еске сала кетейік, оқыс жағдай тура бір апта бұрын болған. Қатты жел футбол алаңында ойнап жүрген балаларды көгалмен бірге ұшырып әкеткен еді. Соның салдарынан жеткіншектердің бірі ауыр жарақат алып, ота жасатқан. Дәрігерлердің айтуынша, оқушының жағдайы тұрақты, ем қабылдап жатыр.

– Мен барлығына бірнеше рет ескерттім және тағы да қайталаймын. Ойын алаңдарын жөндегенде, ең алдымен, қауіпсіздік туралы ойланыңыздар. Футбол қақпалары мен сәулет нысандарын тексеріп, нығайтыңыздар. Ештеңе құлап жатпауы керек. Мердігерлер асығыстық танытып, тезірек ақша тапқысы келеді. Ал кейбір әріптесіміз бұған көз жұма қарайды. Сондықтан бұл жолы мен ескертумен шектелмеймін. Мұндай жағдай қайталанбауы керек, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Новости партнеров