Техникалық анықтама әкімдік өкілдері арқылы рәсімделген
«Сатып алған жерімізге үй салып біткенде, құжат заңсыз болып шыққаны қалай?» Бұл – Алматы облысы Тұздыбастау ауыл тұрғындарының шағымы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Арызын айтқан азаматтар өзіне тиесілі жерге тұрғызған баспанасын заңдастыра алмай әлек. Олардың айтуынша, жер теліміне мектеп салынады.
– Наурызда жерді сатып алдым. Мамандар «заң бойынша бәрі дұрыс» деді. Құжаттарды Талғар ауданы әкімдігінде тексердім. Көршілеріме үй салуға болмайтынын айтыпты, – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Айдар Қиқымбаев.
– Бас жоспар бойынша жер телімін сатып алдық. Ал жаңа бас жоспарда мектеп салынған. 2022 жылы бекітілген жоспарда мектеп жоқ, – деді облыс тұрғыны Мунира Мамирова.
Сары уайымға салынған жұрт үйді бұзады деген қорқыныштың барын жасырмады. Олардың айтуынша, білім ордасының құрылысы басталса, жерді босату керек.
– Жер телімін мамырдың соңында сатып алдым. Ешқандай қателік жоқ болатын. Кадастрлық нөмірін де алдық. Ең қызығы, жанымдағы көршіме үй салуға рұқсат берілген, бірақ маған шектеу бар. Екеуімізге жер құжатын бір адам берді, бірақ екі түрлі шешім шығарған, – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Сергей Мельник.
Қыруар қаржыға жер алған 26 отбасы үй құрылысын бастаған. Ал сатылымға 100-ге жуық жер телімі шыққан. Тұрғындар «бір жерге екі түрлі құжаттың шығуы қалай?» деп мәселенің анық-қанығына жете алмай дал. Техникалық анықтама әкімдік өкілдері арқылы рәсімделген. Жұрт бір жер телімінің екі рет сатылғанына алаңдап отыр.
Ал Тұздыбастау әкімінің орынбасары мәселені білмейді. Рәсімделген жер телімдері Алматы облыстық сәулетке тиесілі екен.
– «Бас жоспарға өзгеріс енгізу» деп арыз қалдырса, архитектураға жібереміз. Олар облысқа жіберіп, өзгеріс енгізу мәселесін қарастырады. Құрылысын аяқтай береді, бірақ құжатты заңдастыру уақыт алады. Мектеп бұл жерге салынбайды, Чукубасова көшесінде әкімдік балансына алынған жер телімі бар, – деді Тұздыбастау ауылдық округі әкімінің орынбасары Гауһар Билібаева.
Ел алдына келген әкімнің орынбасары мәселе шешіледі деп уәде етті. Алайда ауыл «ерте ме, кеш пе, мұндай жағдай қайталануы мүмкін» дейді. Олар істің анық-қанығын тексеру үшін облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне арыз жазды.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Атыраулық оқушы Колумбия университетінде өткен жарыста топ жарды