Қазақстандықтар Түркияда зардап шеккендерге 3,5 миллион доллар жинады

16.02.2023 20:04

Бұл туралы түрік елінің Қазақстандағы өкілі айтты

Almaty.tv

Қазақстандықтардың зілзаладан зардап шеккен Түркия халқына жинаған ақшасы 3,5 млн доллардан асты. Бұл туралы түрік елінің Қазақстандағы өкілі айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айтуынша, көмек шоты ашылған күннен бастап елден жиналған 216 мың АҚШ доллары AFAD-тың ресми шотына аударылған. Қазіргі таңда қайырымдылықтың жалпы көлемі 3 млн 616 мың АҚШ доллары болған. Ал, зілзаладан қаза болғандардың саны 36 мың 187 ге жетті. 108 мың адам жаралы.

“Құрылыс үйлер сапасыз салынған. Арматура жіңішке әрі жоқтың қасы. Үйлердің тіреуішімен монолитін, қабырғасын сапасыз жасаған. Жақындарымыз өлді. Туысын, баласын, жақынын жоғалтпаған адам аз. Міне тағы бір баланың мәйітін таптық. Осы шағынауданда 100-ден астам адам құтқарылды. 150 адамның денесі шықты”, – деді Кахраманмараш провинциясының тұрғыны Фати Сафсен.

Түркиядағы құтқару жұмысы таяу күндері аяқталады. Бауырлас елге барған Қазақстандық құтқарушылар өздеріне тапсырылған аймақтағы жұмыстың басым бөлігін аяқтады. Елден барған топтың құрамында 100 шақты құтқарушы мен 6 техника, кинологтар мен дәрігерлер бар. Олар зілзаладан зардап шеккен ең қауіпті ошақ саналған  Газиантеп және Нұрдағы қаласында жұмыс істеді. Іздеу-құтқару жұмыстары басталған бір апта ішінде олар 4 адамды аман  алып шыққан.