Қазақстанда тозығы жеткен жылу электр орталықтарын жөндеу үшін 182 миллиард теңге қажет, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, бұл алдын ала есептелген болжам. Ведомства басшысының айтуынша, елде 19 жылу электр орталығы «қызыл» аймақта екен. Ал Премьер-Министр Әлихан Смайылов «әкімдіктер жалған ақпарат таратуының кесірінен жылу орталықтарында апат болып жатыр» деп сынады.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміздегі 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізіліп, нәтижесінде 19 жылу электр орталығы «қызыл» аймақта тұрғанын мәлімдеді. Оларды күрделі жөндеуден өткізу үшін 182 миллиард теңге қажет.
«Жабдықтың тозуы. Оның орташа көрсеткіші 66 пайыз құрайды. Бұл ретте Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қаласында 80 пайыз тоыз кеткен. Екінші, 2020 жылмен салыстырғанда технологияны бұзылу салдарынан авария 5 пайызға өскені анықталды», – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Премьер-министр Әлихан Смайылов тексеру жұмысын еш бұрмалаусыз, сапалы жүргізіп, келесі жылдың көктеміне дейін аяқтауды тапсырды. Екібастұзда басталған апат бірнеше қалада болып, саланың әбден тозығы жеткенін көрсетті. Күзде әкімдіктердің жалған ақпарат бергенін айтып, сынға алды. Ол қыркүйекте Үкіметте есеп берген жергілікті билік жылу маусымына сақадай саймыз деген еді, бірақ олай болмай шықты деді. Енді келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады.
«Бірінші кезекте тозу деңгейі 70 пайыздан асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер - 1600 шақырым. Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады. Бұл - өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты талап етеді», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайылов жылу желілерін реконструкциялау бойынша қажетті құжаттарды әзірлеу жұмысын бірінші жартыжылдықта аяқтау керегін айтты. Жылу желілерін жаңарту үшін нысаналы трансферт бөлінуі мүмкін. Ал Қазақстанда АЭС салатын технология келесі жылы таңдалады екен.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана