210 мыңнан астам халқы бар Медеу ауданында да қордаланған проблема шаш-етектен екен
Әкім жұртшылыққа Қонаев пен Байтұрсынов көшелеріндегі веложолдарды не себепті ретке келтіргені туралы түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Белгілі болғандай, бұл көшелердің қос жиегінде веложолақ пайда болғалы бизнес тұралап қалған. Соның кесірінен салық түсімі 40 пайызға азайып, тіпті бірқатар жұмыс орындары жабылып тыныпты. Кәсіпкерлікке айтарлықтай кедергі келтіргесін, әкім веложолдарды ретке келтірген. Бұл туралы бүгін шаһар басшысының Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды.
Қала тұрғындарымен апта сайын кездесуді әдетке айналдырған Бақытжан Сағынтаев бүгін ең қымбат ауданның, яғни медеулік тұрғындармен жүздесті. Әкім әдеттегідей сөзін өзінің жоспарларымен бастады. «Жаңа Алматы» бағдарламасы бойынша қаланың алдағы даму бағытын айтып, кей шешімдері туралы түсіндіріп берді. Соның бірі – Қонаев пен Байтұрсынов көшелеріндегі веложолдың ретке келтірілуі. Шаһар басшысы өткен аптада бұл көшелердегі бір веложолақты алып тастап, орнына көлік тұрағын жасау туралы шешім шығарған еді. Бұған кәсіпкерлікке келтірілген кедергі түрткі болыпты.
«Қонаев көшесінің басынан аяғына дейін шағын және орта бизнестің 400 субъектісі орналасқан болатын. Бірақ онда веложол төселіп, көліктердің тоқтауына тыйым салынғалы бері 75 бизнес орны жұмысын тоқтатқан. Салық түсімі 40 пайызға азайып, бірқатар жұмыс орындары жабылып тынған. Қала бюджетінің 60 пайызын осы шағын және орта бизнес өкілдерінен келетін салық құрайды. Сол себепті, біз кәсіпкерлікті қолдау керекпіз. Ал, желіде әкімшілік «Тимирязев көшесіндегі БРТ-ны алып тастайды екен», «Панфилов көшесінің концепциясын қайта қарайды екен», «қоғамдық көліктерге арналған жолақтарды жояды екен» деген сөздер, хайп қуғандардың әңгімесі. Бұрынғы бастамаларды ешкім жойғалы жатқан жоқ», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Содан соң әкім тұрғындардың мәселесін тыңдауға көшті. 210 мыңнан астам халқы бар Медеу ауданында да қордаланған проблема шаш етектен екен. Тұрғындар әсіресе жөнге келмейтін Пәтер иелері кооперативтерінен мезі болғанын, метептердегі орын тапшылығынан балаларын оқытатын жер таппай жүргенін, монополистердің аспандатқан бағасы мен жұмысын орта жолда тастап кеткен салақ мердігерлерден шаршағанын айтты.
«2018 жылы кәріз қазу басталды, сөйтті де көшеміздің талқаны шықты. «Зидан» деген компания істеп жатыр, бірақ жұмыстары еш бітпейді», – деді ауданның қарт тұрғыны.
«Бұрын осы мектеп пен балабақшада даярлық сыныптары ашылатын болған. Балаларымыз мектепке дайын күйінде баратын. Мінекей, биыл екеуін де жауып тастады. Бұрын балаларымыз екі аусыммен оқушы еді, енді үш ауысымға көшеміз деп жатыр. Өйткені «Думанда» жалғыз ғана мектеп бар. Жалпы, болашақта бізге арнайы мектеп салына ма, емхана ше?», – деді келесі бір тұрғын көлденең сауал тастап.
Бұдан бөлек, қауіпсіздік мәселесі жиі көтерілді. Тұрғындар кей аумақтарға жүргіншілер жолағын сызып беруді сұраса, кей көшелерге бағдаршам орнату қажеттігін алға тартты. Ал, көше жарығы мен ауыз судың тапшылығы аудандағы өзекті мәселенің бірі екен.
«Мен Талғат Бигелдинов көшесінде тұрамын. Біздің көшемізде жарық жоқ. Кешкісін жұмыстан қайтқан уақытта көшелерімізде жарық болмағандықтан, қатты қорқамыз», – деді бір тұрғын.
«Жылдың соңына дейін 208 көше жарықпен қамтамасыз етіледі. Сол 208 көше әр әкімшіліктің сайтында ілінген. Ал, Талғат Бигелдинов көшесі келесі жылға қалды. Келесі жылы толығымен қамтамасыз етіледі», – деп жауап берді әкім бұл сұраққа.
«Біз мына «Халық аренаның» түбінде тұрамыз. Жан-жағымыздың барлығында су бар, бізде су жоқ. Су тасудан шаршадық. Көмектесіңізші, өтініш», – деді тағы бір тұрғын.
«Жақсы!», – деп бір-ақ ауыз қайырды әкім.
Жиын шамамен үш сағатқа ұласты. Шаһар басшысы тұрғындардың барлық сауалын тыңдап қана қоймай, қажетін қағазға түртіп те отырды. Олардың барлығына міндетті түрде жауап беріледі. Өз кезегінде xалық бұрындары әкімдікке кіре алмайтындарын айтып, мұндай ашық кездесудің жиі болғанын құптады.
«Көп адамның әкімге аяғы жете алмайды, кей адамдар жазған хатына жауап та ала алмайды. Сол себептен осындай жағдайда жаңағы сұрақтарын, проблемаларын айтып қалуға өте жақсы мүмкіншілік бар», – деді халық.
«Осындай кездесулер әрдайым болғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені осы арқылы тиісті орындар әр адамның жағдайын қарастырып, көп сұрақтарды шешіп береді», – деді келесі бір тұрғын алғысын білдіріп.
Айта кетсек, Бақытжан Сағынтаев бұған дейін қаланың 5 ауданының тұрғындарымен кездескен еді. Енді Алмалы мен Бостандық ауданының халқымен жиын өткізу жоспарлануда.
Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы