Өңірде 760 млн теңге бөлінген ауыз су желісі аяқталмаған
Жамбыл облысында 760 млн теңге бөлініп, құрылысы 3 жыл бұрын басталған ауыз су желісі әлі күнге аяқталмаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шу ауданындағы 3 мыңнан аса тұрғыны бар Көктөбе ауылы таза суға былтыр қосылуы тиіс еді. Бірақ бүгінде мұндағы 6 үйге ғана тіршілік нәрі келіп тұр. Ал қалған жұрт су алу үшін сол үйлерге кезекке тұруға мәжбүр. Тұрғындар тіпті мәселені өзіміз шешеміз деп, ауласынан құдық қазып та көрген. Бірақ су ішуге жарамсыз болған.
– Үш күн сайын 40-50 литр су әкелеміз. Оны тамақ ішу үшін пайдаланамыз. Балаларға обал, бүйрегіне салмақ түседі, – деді Көктөбе ауылының тұрғыны Сапарбек Саңырақбаев.
Аудан билігі бар кінәні өздері қабылдап алған жобаға жауып отыр. Олардың айтуынша, су мұнарасының қуаты ауылды толықтай қамтуға жетпейді. Сондықтан сметалық құжаттаманы қайта өзгертуге біраз уақыт жұмсалған. Жергілікті билік құрылыс жұмыстарын көктемде аяқтап, халыққа таза су беретінін айтып, уәде берді.
– 2023 жылы желтоқсанға дейін қолданысқа берілуі керек еді. Жобадан біраз кемшілік шығып, қосымша су мұнарасы 18 метрлік биіктікте орнатылуы тиіс. Ауыл тұрғындары сұранысын қайта есептеп биыл қосымша құжат дайындалды, – деді Шу ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбеков.
Оқи отырыңыз: Атырау облысындағы қамыс өртін сөндіруге тікұшақ тартылды