Ел ішінде оқу-жаттығу аясында әскери техникалар қозғалысы болады

07.04.2022 20:40

Аталған шара биылғы сәуір айында өтеді

Фото: дереккөзден

Қазақстанда «Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы жалғасуда. Аталған шара биылғы сәуір айында өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқу-жаттығу Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру, күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде өткізіледі. Оқу-жаттығу барысында күштер мен құралдардың ел ішінде қозғалысы жасалады. Бөлімшелер оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтау үшін полигондарға марш жасап, содан кейін тұрақты орналасу пункттеріне оралады. Жаттығу Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан секілді жеті облыстың, сондай-ақ республикалық маңызы бар Алматы және Шымкент қалаларының аумағында өтеді.

Алматы авиациялық базасындағы әскери авиацияның ұшқыштары Ми-17 көліктік-жауынгерлік тікұшақтарында және Ми-35М жауынгерлік тікұшақтарында Арнайы операциялар күштерінің тактикалық десантын оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтайтын аудандарға жеткізу мен алып жүруді орындайды. Жоспар бойынша әскери-көлік авиациясының экипаждары С-295 ұшақтарымен Қарулы күштердің бөлімшелерін Маңғыстау облысына жеткізуді жүзеге асырады. Олар «Ақтау-Жаңаөзен» автомобиль жолының әуеайлағына қонатын болады. Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері Маңғыстау облысының «Оймаша» полигонында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтайды. Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін бөлімшелер ұшақтармен тұрақты орналасу пункттеріне қайтарылады.

Биыл 6-7 сәуірде түнгі уақытта лектердің қозғалысы келесі кестеде жүзеге асырылғанын атап өту қажет: 

– «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында – Тараз қаласындағы әскери бөлімнен техника «Мәтібұлақ» полигонына жіберілді; 

– «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында – Семей қаласының әскери бөлімінен Аягөз қаласының әскери бөліміне, одан әрі – «Майлин» полигонына жөнелтілді; 

– Алматы және Талдықорған гарнизондары әскери бөлімдерінің жеке құрамы әскери авиация тікұшақтарының бүркемелеуімен «Іле» полигонына, Қапшағай гарнизонының әскери бөлімдерінің жеке құрамы «Шошқалы» полигонына жіберілді.