Алматының Индустриалды аймағы аумағында 1100 жаңа жұмыс орны ашылады

18.08.2020 20:07

2020 жылдың соңына дейін төрт өндірістік парк іске қосылады

@almaty_akimat

Алматының Индустриалды аймағы аумағында жаңа жобаларды іске қосу аясында 1100 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингі барысында «Алматы – Индустриалды аймағы» ЖШС директоры Берікбол Мәндібаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

2020 жылы Алматы – Индустриалды аймағы аумағында металл өңдеу және жылжымлы қоршау конструкцияларын өндіру бойынша кешен іске қосылды.

Ағымдағы жылдың соңына дейін 1 100 жұмыс орнын құру арқылы жалпы сомасы 30,1 млрд тг сомасына 9 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл автокөлік шығаратын «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты, медициналық мақсатта диагностикалық тест шығаратын «Каз-Диа-Тест», автоклав газ-бетон шығаратын «Г.С.Г. Высотник», жылу газоблоктарын шығаратын «СК Рахат», табиғи тастан өнім шығаратын «Сити Стоун», орташакернеулі таратушы құралдарды шығаратын «ТЕХНОКОНТ», электртехникалық құралдарды шығаратын «Электробар», желдету жүйелерін өндіретін «КазПромВент», жылу оқшаулайтын материалдар шығаратын «SAVENERGY».

2021 жылы және одан кейінгі жылдары 5,5 мыңнан астам жұмыс орнын құру арқылы 160 млрд тг сомасына 38 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Алматының Индустриалды аймағына бүгінгі таңда барлығы 60 компания ( 261 млрд тг) қосылған.

Сонымен бірге, 2020 жылдың соңына дейін төрт өндірістік парк іске қосылады.

Қазіргі уақытта құрылыс жүргізушілер («KazStroyTrade» ЖШС, «D&J «Industries & Logistic» ЖШС, «Ala Estate» ЖШС, «ADS Industries» ЖШС) жобалық жұмыстарын аяқтап келеді және учаскелердегі құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісті. Өндірістік ғимараттардың жалпы аумағы 36 мың шаршы метрді құрайды. Оларға құрылыс, жиһаз, жеңіл және тағамдық өнеркәсіп саласындағы өндіріс орындары орналастырылады. Өндірістік парктерде 1100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Б. Мәндібаевтың айтуынша, шағын өндірістік парктерді дамыту жобасы «Алматы бизнес – 2025» шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда, оның аясында қала аумағында өндірістік ғимараттар инвесторлармен немесе өндірістік базалардың меншік иелерімен салынады.

Өндірістік ғимараттар ШОБ субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен: тіркелген жалдамалық мөлшерлемемен 5-7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Ғимаратты жалға алу құны шаршы метр үшін 1000-1200 тг құрайды. Ғимаратты сатып алу құны шаршы метр үшін 145 000 тг. Алматы қаласының аумағындағы Индустриалды аймақ аумағындағы шағын өндірістік паркке қатысуға 70-тен астам компания қызығушылық білдірген.

Өндірістік парк жобаларын жүзеге асыру артықшылықтары: қаладағы әкімшілік және бос тұрған өндірістік ғимараттарды айналымға енгізу; іскерлік белсенділігі төмен аудандарда бизнестің дамуына және құрылуына көмек көрсету (жаңа жұмыс орындары, салықтар); 2-7% мөлшерінде қаржыландырудың жеңілдетілген көрсеткіштері.

Анықтама үшін: Индустриалды аймақ 2012 жылы құрылды. 2015 жылы «Индустриалды аймақ – Алматы» ЖШС Басқарушы компаниясы құрылды. Оның жалпы аумағы 490 га құрайды, оның ішінде жобалар үшін 326 га (164 га инфрақұрылымға) бөлінді. Бүгінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 273 га бөлінді (52,9 га бос).