Нұр-Сұлтанда мереке күндерінен кейін КВИ жұқтыру көрсеткіші күрт өскен. Бұл жайлы Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, күрт өсудің негізгі себептері де бұрынғыдай халықтың шектеу талаптарын сақтамауы, маска тақпауы, өткен мереке күндері жаппай жиналатын орындарға баруы болған. Жалпы сырқаттанушылықтың 80,4%-ын ересектер, 16,7%-ын балалар және 2,9%-ын жасөспірімдер құрайды.
«Елордада COVID-19 бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай былтырғыдай Құрбан айт мерекесін толық көлемде атап өтуге мүмкіндік бермей отыр. Қалада соңғы 3 күнде тәулігіне 1000-нан астам коронавирус инфекциясы тіркелген. Соңғы аптада 7989 COVID-19 жұқтыру жағдайы тіркелді, бұл алдыңғы аптадан 44,23%-ға жоғары. Бұған дейін осындай өсім жаңа жыл, 8 наурыз, 22 наурыз мерекелерінен кейін байқалған болатын», – деді Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова.
Осыған байланысты елордамызда айт намазы оқылмайды және құрбандық шалатын орындар жабылады. Осылай деген елорданың дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов Құрбан айт мерекесінде құрбандық шалу былтырғыдай онлайн форматта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының qurban2021.kz сайты арқылы жүргізілетінін айтты.
«Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтау және адамдардың көп мөлшерде жиналмауын қамтамасыз ету мақсатында жылда құрбандық шалу рәсімдері өтетін базарлар мен шаруа қожалықтарының жұмысы Құрбан айт мерекесі кезінде тоқтатылады. Өзімізді және жақындарымызды қауіп-қатерден қорғайық», – дейді басқарма басшысы.