Қарағанды облысының «Абай» шахтасындағы апат техногендік сипатта болған. Мамандар осындай болжам жасап отыр. Яғни, табиғи метан газының таралуынан кеншілер уланған. Қайғылы оқиға салдарынан 6 отбасы қара жамылды. Ал ауруханаға түскен 2 адам жансақтау бөлімінінен жалпы палатаға ауыстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Абай» шахтасында төтенше жағдай кеше таңертең сағат 8.30 шамасында болды. 400 метр тереңдікте 64 кенші жұмыс істеп жүрген. Сол сәтте көмір лавасындағы метан шоғырланған тұс жарылып, ауаға газ тараған.
Жер бетіне 56 адам шығып үлгереді. Қалған сегіз кеншіні әскери мамандандырылған құтқарушылар тобы іздеп түседі. Бастапқыда табылған екеуін эвакуациялаған. Ал метаннан тұншығып қайтыс болған 6 адамның денесі 150-200 метр жерде жатқан.
Айта кетейік, Абай атындағы шахтада 2008 жылы да апат болып, 30 кенші қаза тапқан еді.
«Таңертең жағдай тұрақты, ауадағы газ бөлшері, жер астындағы ахуал қалыпты екеніне көз жеткізілген еді. Жұмысшылар жер астында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Онда қажетті материалдар жеткізіліп, механизмдердің жұмысын ретке келтіру керек еді. Өкінішке қарай, өте ауыр жағдай болды», – деді «Абай» шахтасының директоры Сергей Дудкин.
Қабырғаны қайыстырған қайғылы хабарды естіп жүрегіміз қан жылады дейді кенші Александр Чернышев.
«Біз дәл осы бөлімде жұмыс істейтінбіз. Бүгін менің демалыс күнім еді, ести салып, бірден келіп тұрмын. Әріптестеріміз, жақсы танитын адамдарымыз еді... Көбі жас, 30 жастан енді асқандар. Ішкі жан-дүнием алай-дүлей болып тұр», – дейді кенші Александр Чернышов.
Ауруханада жатқан екі кеншінің өмірі қыл үстінде тұр. Олар облыстық арухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Олар: 1963 жылы туған Жеңіс Маралбаев пен 1960 жылғы Элайдар Зейналов.
«Қазіргі таңда кеншілердің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Газға уланған. Сондықтан реанимациялық бөлімде жатыр. Өміріне қауіп жоқ деп айтуға негіз бар. Қажетті ем-шара жүргізіліп жатыр», – деді облыстық травматологиялық орталықтың бөлім жетекшісі Ерік Шонбаев.
Қайғылы жайтқа байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы құрылған комиссия мән-жайды тексеруде. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, төтенше жағдайдың себебі анықталуда. Ал полиция болса ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-ші тармағына сәйкес іс қозғады.
«Құрылған комиссия жұмыс істеуде. Барлық мәселе егжей-тегжейлі тексеріледі. Егер кінәлілер анықталса, тиісті жазасын алады. Кінәсін жасырып қалу деген мүлде болмайды. Болжам бойынша жұмысына салғырт қараған күдіктілер де анықталды. Қазір тергеу жүріп жатқандықтан өзге ақпарат кейін жария етіледі», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Алдағы уақытта марқұмдардың жанұяларына материалдық көмек көрсетіледі. Апат салдарынан қаза болған екі кеншінің артында бір-бірден кәмелетке толмаған екі бала қалды. Тағы бір кеншінің 16 жастан асқан екі баласы бар.
«Балаларының оқуы бойынша бізде 23-жасқа дейін жоғары оқу орындарында күндізгі оқу бөлімінің қаржысын төлеп беру бойынша міндеттеме бар. Ол шығынды компания өз мойнына алады. Бұдан бөлек, кеншілердің несиесін де жауып береміз. Ал баспанаға келсек, қаза болған кеншілердің бәрінің басында үйі болған. Сондықтан бұл сұрақ тағы да қосымша қаралатын болады», – деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Әлішер Әбенов.
Қазір шахтадағы жұмыстар апаттың мән-жайы толық анықталғанға дейін тоқтатылды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның барлық сегіз шахтасында тексеру жүріп жатыр.
Айта кетейік, биыл мамыр айында шахтаның өндірістік жағдайына байланысты бірқатар олқылықтар анықталып, жұмысын тоқтату мәселесі сотта қаралған болатын. Кейін ол кемшіліктерді жою негізінде шахта қайта жұмысқа кірісті.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан