2050 жылға қарай G4 City қаласында 2 млн аса адам тұрады. Қонаев пен Алматы қалаларының арасында бой көтеретін жаңа шаһардың дамуы қарқынды. Жұмыс барысын елордадағы есебінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әкімнің айтуынша, жаңа қалада тоқыма, былғары, қағаз бұйымдарын, құрылыс материалдарын өндіру және логистикалық жобалар жүзеге асырылады. Жоспарлы жұмысқа 3,7 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Сәтімен іске асса, жергілікті жердегі 34 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылатын болады.
– G4 City қаласының жобасы Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының аумағын қамтуы инвесторларға қолайсыздық туғызып отыр. Сондықтан Президенттің тапсырмасына орай G4 City қаласын жеке әкімшілік бірлік ретінде құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның аумағы 88 мың гектарды құрайтын 4 аймаққа бөлінеді, – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Саяжай мәселесін де әкім таяуда шешпекші. Қазір Алматы облысындағы 674-тен астам саяжайдың 300-іне жыл соңына дейін елдімекен статусы беріледі. Аймақ басшысы «тұрғындар қажетті инфрақұрылымға қол жеткізу үшін бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтереді» деді. Ең алдымен мектеп, балабақша, аурухана мен жол салынбақ. Көгілдір отынмен қамту ісі де күн тәртібінде тұр.
– Саяжай мәселесі көп жылдан бері шешімін таппай келеді. Себебі, саяжайлар маусымдық сипаттағы үйлер болғандықтан инфрақұрылым жетпеген. Бүгінде 674 саяжай бар. Онда 188 мың адам тұрады. Саяжайдың елдімекен мәртебесі болмағандықтан ешқандай инфрақұрылым жоқ, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Оқи отырыңыз: Алматыда бес жол қашан ұзартылатыны белгілі болды